Күрделі жөндеу көреді

Мам 15, 2025

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген елді мекендерде әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Мәселен, Ивановка ауылының мәдениет үйі биыл жаңа кейіпке енеді.

1993 жылы салынған ғимарат биыл толығымен жаңартылады. Ивановка ауылдық округінің әкімі Дәурен Абыраевтың айтуынша, нысанның күрделі жөндеуіне облыс қазынасынан 285 млн теңге бөлінген.

Мердігер компания – «Стройком — ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын сәуір айының бел ортасында бастап кеткен. Жоспарға сәйкес 1 тамызға дейін нысанды қолданысқа беруі тиіс. Бұл мәдениет ошағының шатыры ауыстырылып, сырты сайдинг материалымен қапталмақ. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Едендері, есіктері ауыстырылады. Жылу, электр желілері де жаңартылмақ. Мәжіліс залының орындықтары, сахнасы жөнделіп, көрермен жаңа, жайлы жағдайда ауылдастарының өнерін тамашалайды.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.