Екібастұз қаласындағы «Северный» шағын ауданының тұрғындары орталықтандырылған кәріз жүйесінің іске қосылуын ондаған жыл бойы күтіп отыр. Көпшіліктің талап-тілегі биыл орындалып, жеке үйлер ортақ желіге қосылмақ.
Аталмыш ауқымды жоба былтыр басталып, биыл жалғасуда. Құрылыс жұмыстарының барысын шаһар басшысы Аян Бейсекин тікелей бақылап, қадағалап қайтты. Орталықтандырылған жүйені салу кезінде қолайсыздықтар туындауы мүмкін екенін де ескертті.
— Жобаны іске асыру барысында қолайсыздықтар туындайды, онсыз болмайды. Биыл жолдарды тегістеу бойынша жұмыстар жүзеге асырылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін жолды толықтай жөндеуді жоспарлайтын боламыз, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, жоба аясында Пішенбаев көшесіндегі кәріз коллекторы толықтай қайта құрылыстан өтуде. Жобаның бұл бөлігі осы жылы аяқталуы тиіс. Ал барлық құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы толығымен бітеді. Соның нәтижесінде 1600 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу мүмкіндігін алады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.