Облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығында Павлодар ауданы кәсіпкерлерінің форумы өтті. Аталмыш іс-шара жергілікті кәсіпкерлердің белсенділік деңгейін арттыруға және ауылдық жерлерде бизнес бастамаларды қолдауға бағытталған.
Аудан әкімі Дидар Ибраев бүгінгі таңда ауылдық жерлерде бизнесті қолдау үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтып, облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүддесі үшін бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар мен іс-шаралардың кешенді жоспарларын бекіткенін атап өтті. Ал «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Айдос Шайхислам жүйелі проблемаларды анықтау үшін бизнестің заңсыз әрекеттеріне немесе мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысындағы әкімшілік кедергілердің қысқаруына талдау жасалатынын еске салды.
Бұдан басқа, форумда қатысушылар бизнесті дамыту мүмкіндіктері, жеңілдетілген несиелеудің қолжетімді бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы білді. Шара барысында «Агрокредиттік корпорация», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Кереку» кредиттік серіктестігі сияқты ұйымдардың мамандары аудан кәсіпкерлеріне несиелендіру шарттарын анықтауға көмектесіп, кеңес берді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.