Ауданда 40 жас азамат елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру ісіне араласып жүр. Олар «Жасыл ел» жастар жасағының құрамында еңбек етуде.
«Айбат» жастар шығармашылығын дамыту орталығының жетекшісі Рахат Жолдыбаевтың айтуынша, «Жасыл ел» жастар жасағы құрамындағы 40 жастың 20-сы аудан орталығында еңбекке тартылған. Қалғандары әр елді мекенде екі оқушыдан жұмыс істеуде. Олар өткен аптада еңбекке кіріскен. Жаз уақытында табыс тауып, ата-анасына қолғабыс жасауды мақсат еткен жастардың бірі – Аңсар.
— 10-сыныпты тәмамдадым. Негізі, 14 жасымнан бері жаз айларында жұмыс істеп, анама демеу болып келемін. Өткен жылдары өтінім беруден кешігіп қалатынмын. Сосын өзге еңбек түрлерін тауып алатынмын. Биыл да тапқан табысымды өзіме, қарындасыма мектеп киімін алуға жұмсаймын. Күніне төрт сағат қана жұмыс істейміз. Ауылда арнайы құралмен шауып кеткен шөпті жинап, қалдықтарын сыпырып, тазартамыз. Көшеттерді суарып, күтіп-баптаймыз. Бір ай еңбек етсек, 110 мың теңге шамасында айлық берілмек, — дейді «Жасыл ел» жасағының сарбазы Аңсар.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.