Күн жылынған уақытта қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесі өзекті болады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары елді мекендердегі мектептерді аралап, оқушыларға сақтық шараларын түсіндіруде.
Жуырда құтқарушылар Амангелді орта мектебіне барып, ұстаздарға жұмыс уақытында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, улы газ пайда болғанда дұрыс әрекет ету, балалардың отпен ойнамауы, мұз үстіндегі, су айдындарындағы қауіпсіздік туралы жан-жақты мәлімет берді. Еліміз бойынша түрлі оқыс жағдайларды мысалға келтіріп, оқушыларға жадынамалар таратты.
— Қазір тұрғындар аулаларын ретке келтіріп, қоқыс өртейді. Балалар қызыл жалынды қызық көріп, сіріңкемен ойнауы мүмкін. Су айдындарындағы мұз қабаты өте жұқа. Бірақ сақтық шарасын ескермей, мұз үстінде ойнайтын балалар болады. Осы мәселелерге көңіл бөлу мақсатында мектептерді аралап, оқушылармен кездесу ұйымдастырудамыз, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Мадияр Мұсалимов.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.