85 жастағы әже көлік тізгіндейді дегенге сенесіз бе? Ертіс ауданының тұрғыны Биғайша Қалитова жасы торқалы тоқсанға жақындаса да темір тұлпардың руліне отыра алады. Өйткені небары 16 жасында жүк көлігін жүргізген.
Биғайша апа көлік жүргізушісі мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Қаршадайынан жүргізушілер мектебінде оқып, жүк көлігін тізгіндеген. Қаладан ауданға жаз мезгілінде құрылыс материалдарын, тұтыну тауарларын тасыса, күз-қыс мезгілдерінде орылған астықты жеткізген. Қолайсыз ауа райы, жолдың ойығы мен шұңқыры тапсырылған жұмысты жауапты орындауға еш кедергі келтірмеген. Сондықтан болар, зейнеткерлікке шыққанға дейін қария көлік рулінен түспеген.
— Отбасымызда 4 қыз болдық. Әке-шешемде ұл бала болмады. Сондықтан болар, кенже болсам да, намысқа тырысып, көлік тізгіндегім келді. Бастысы, әкем таңдауымды қолдады. 50-60 жылдары көлік жүргізушісі болу ауыр жұмыс болатын. Әкем батасын берген соң, жүргізуші болдым.
Жолда көп бейнет көрген кездерім болды. Көлігім бұзылып, жолда тоқтап қалған кезде өзім жөндеп алатынмын. Доңғалағы жарылса, өзім ауыстыратынмын. Осылайша, техниканың тілін меңгеріп, төселдім, — дейді қария.
Биғайша апа Ертіс ауданының өркендеуі жолында еңбек етті. Мәдениет үйінде өткізілетін мерекелік кештер әжейдің қатысуынсыз өткен емес. Биғайша апа ән шырқап, би де билейді. Қазір аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
— Зейнет жасына шыққанға дейін алыс жолға шығудан жалыққан емеспін. Жас келгендіктен денсаулығыма байланысты көлік тізгіндеуді азайттым. Бір жылы Екібастұз қаласына тойға шақырғанда такси таба алмай, өзім жеңіл көлік руліне отырып барып келген болатынмын. Кейде аулада тұрған баламның көлігін тізгіндеп, ауыл ішін аралап шығатын әдетім бар. Бірақ көлікті ұзақ жүргізе алмаймын, — дейді Биғайша апа.
Қария кәрілікке бой алдырмай үнемі қозғалыста жүргенді ұнатады. Күн сайын далаға шығып, серуендеуді әдетке айналдырған. Көлік тізгіндеген қыз-келіншектерге жол ережесін қатаң сақтауды, жолда мұқият болу керектігін айтады.
Бүгінде зейнеткер — балаларынан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Өз заманында ер азаматқа тән ауыр жұмысты абыроймен атқарған әжейге мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
