Ауданда «Қамқорлық» акциясы шеңберінде жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер жандарға қысқы отын жару, көмір тасу бойынша көмек көрсетілді. Қайырымдылық шарасын Ертіс ауылының әкімдігі ұйымдастырды.
Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытгүл Аралбаева мұндай игі шара апта сайын жүргізілетінін айтады.
— Бөлімдегі әлеуметтік қызметкерлер жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп, үйдің ауласын тазалау, көмір тасу бойынша көмек қажет болса, өтініш түсіреді. Біз көмек сұраған адамдардың тізімін ауыл әкімдігіне жібереміз. Ондағы мамандар қоғамдық жұмысқа жауапты адамдарды апта сайын өтініш түскен үйге жіберіп тұрады. Жақында жалғызбасты қариялар мен мүгедек жандардың үйіне барып, отын жарып, көмір тасыды, — дейді Б.Аралбаева.
Бөлім басшысы әлеуметтік қызметкерлердің бақылауына алынған адамдардан күз, қыс және көктем мезгілдерінде өтініш жиі түсетінін айтады. Көп жағдайда қысқы отын тасу мен ауланы қардан, қоқыстан тазарту жұмыстарына көмек көрсетуді сұрайды. Қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар аптасына кем дегенде 7 отбасыға көмектеседі.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.