Тереңкөл ауданында әлеуметтік нысандарға қажет қатты отынның жартысына жуығы жеткізілді. Аудандағы көмір сату орындарында да қор көлемі бар.

Аудан әкімі Азамат Маңғұтовтың айтуынша, аудандағы әлеуметтік нысандарға көктемге дейін барлығы 9231 тонна көмір керек. Атап айтқанда, білім беру мекемелерін жылытуға 6390 тонна, денсаулық сақтау нысандарына 1500 тонна, мәдениет мекемелеріне 1137 тонна және ауылдық округтер әкімдіктеріне 204 тонна қатты отын қажет. Сонымен қатар, бірқатар бюджеттік ұйым мен көппәтерлі үйлерді жылытатын «Бастау су арнасы» кәсіпорнына 10 мың тонна жеткізілуі тиіс.

Қазіргі уақытта аталмыш мекемелердің қоймасында қажетті көлемнің 44 пайызы бар. Бұл – 8632 тонна. Қалғаны кезең-кезеңімен кестеге сай жеткізілетін болады.

Ал аудан тұрғындарының қыс бойы бүрсең қақпасы үшін шамамен 28 500 тонна көмір алуы керек. Бүгінде ауылдағы ағайында 16 552 тонна бар. Бұл ретте жергілікті билік ауданда көмір тапшылығы жоқ екенін, қоймаларда қатты отынның қажетті көлемі барын мәлімдеді.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.