Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінің тұрғындары балабақшаның жөнделуін ұзақ уақыт күтті. Жергілікті жұрт-шылық бірнеше рет көтерген мәселе биыл оң шешімін тауып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қала әкімі Аян Бейсекин халықпен тұрақты кездесулер аясында Төрт-Құдық, Бәйет ауылдық округтерінің, Шідерті кентінің жұртшылығымен жүздесті. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар нысанды да аралады.
Мәселен, Шідерті кентінде балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл — өте маңызды әрі көптен күткен жоба. Соның аясында ішкі инженерлік желілер, кабинеттер, балабақша аумағындағы шағын нысандар жаңартылып, жаңа жиһаз сатып алынады. Күрделі жөндеу «KAZ Minerals» қолдауымен жүзеге асырылуда. Мердігер ұйымға жұмыстың сапасына назар аудару тапсырылды.
— Сондай-ақ, Шідерті ауылында наубайхана ашқысы келетін кәсіпкермен кездестім. Бүгінде оның өтінімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мақұлданды. Несие сомасы — 9,2 млн теңге. Қаражат аударылған соң кәсіпкер пеш және басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы, 3 кәсіпкер несие алды, тағы 3 өтінім қаралуда, — деп атап өтті А.Бейсекин.
Биыл жылыту маусымына дайындық аясында Бозшакөл ауылының қазандығында екі қазандық орнатылып, жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Бүгінгі күні 3 қазандық жұмыс істеп тұр, біреуі резервте. Қазандықты жаңарту жұмыстары жылыту маусымының үздіксіз өтуіне мүмкіндік береді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.