Көшпелі кездесу

Қаз 9, 2025

Ауданның  Алакөл  және  Еңбекші  ауылдарында   жергілікті    тұрғындармен көшпелі профилактикалық кездесу өтті. Мұнда қоғамдық қауіпсіздік және денсаулықты нығайту тақырыптары талқыланды.

Шараға аудан әкімі аппаратының өкілдері, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, полиция бөлімінің қызметкері, аудандық аурухананың психологы қатысты. Кездесуде тұрғындарға мамандар соңғы кезде жиілеп кеткен алаяқтық схемалар және олардан қорғану шараларын түсіндірді. Нашақорлықтың, маскүнемдіктің алдын алу мәселелері де айтылды. Өзге өңірлерде, ауылдарда қолға алынған игі бастамалар жайында да сөз етілді. Яғни, белгілі бір ауылда алкогольді сатудан, тұтынудан толық бас тарту арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бастаған қадамдар жасалғаны туралы мысалдар келтірілді. Спикерлер мұндай қадам халықтың денсаулығын нығайтуға, қылмыс деңгейін төмендетуге, кейбірінде тіпті ондай жайсыз жағдайлардың тіркелмеуіне әкелетінін атап өтті.

Г.МАҒЖАН.