Май зауыты салынады

Мау 26, 2025

Павлодар ауданында жылына 50 мың тонна күнбағыс майын өндіретін май экстракциялық зауыт салу жобасы жоспарлануда. Бұл ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жақында Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары С.Қ.Кинжакұловпен және «Jielong Holdings Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Ки Кимен кездесті.

— Павлодар ауданында май зауытын салу жоспарда бар. Жалпы инвестиция көлемі 4 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін кемінде 60 жаңа жұмыс орны ашылады және жыл сайын 120 мың тонна күнбағыс дәні өңделеді. Бұл – облыстағы күнбағыс өнімінің үштен бір бөлігіне жуық көлем, — деді Д.Ибраев.

Тараптардың пікірінше, өңір үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі, өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы шикізатын жергілікті жерде өңдеу арқылы ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге болады.

— Ашық әрі конструктивті диалог барысында аталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша алдағы қадамдарды нақтыладық. Өз тарапымыздан дайындық пен құрылыс жұмыстарына тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді аудан басшысы.

Т.САХАБА.

WhatsApp