Малайсары ауылдық округінде соңғы жылдары тұрғындар игілігі үшін бірқатар маңызды жұмыс атқарылып келеді. Ауылдық елді мекеннің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі істер қолға алынған.
Мәселен, «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қорының қолдауымен «Малайсары батыр» жекпе-жек залының жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама ауыл балаларының спортқа бейімделуіне, бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор мүмкіндік береді. Жекпе-жек залы заманауи спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, ауылдың мәдени және спорттық өміріне жанашырлық танытқан жерлестердің демеушілігімен мәдениет үйінде тренажерлық және фитнес залдары ашылмақ.
Сонымен қатар, Ақсарай ауылдық клубына бюджеттік қаражат есебінен жаңа жылыту пеші орнатылды. Ауылдың тумасы, кәсіпкер Ернұр Нұрғожин демеушілік жасап, клубтың жылу жүйесін толықтай жаңартуға атсалысты.
– Бұл жұмыстар – ауылдың дамуына, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына бағытталған нақты қадамдар. Ауыл азаматтары мен демеушілердің қолдауы біз үшін үлкен күш пен жігер береді. Өзінің туған жеріне жанашырлық танытқан әрбір азаматқа алғыс білдіремін, – дейді Малайсары ауылдық округінің әкімі Аспандияр Қайролла.
Айдана БОРАНБАЕВА.
