Мал шаруашылығының дамуы жоғары сапалы азық өндіру жүйесіне тікелей байланысты екені мәлім. Алайда, биыл өңірімізде өндірілетін мал азығы төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына жете ме? Табиғаттың тосын мінезінің, қуаңшылық жағдайының алдын алу мақсатында Железин ауданында бірқатар шаруашылықтар мен ауылдық округтерде қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов биыл ауданда сенімді жем-шөп базасын құру үшін 14,2 мың гектар алқапқа жем-шөп дақылдары егілгенін мәлім етті. Оның ішінде жылдық шөп 9 мың гектар, сүрлемге жүгері – 2,3 мың гектар, көпжылдық шөптер 2,9 мың гектарды құрады. 2023 жылғы 11 тамызда 73,6 мың гектар шабындық алқаптан 31 мың гектар (42,1 пайыз) шабылды, 10,9 мың тонна мал азығы дайындалды.
— Ауданда жалпы жер көлемі 766,7 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 453,6 мың гектар (егістік жерлер 234,5 мың га, шабындықтар 3,3 мың га, жайылымдар 172,1 мың га, қордағы жерлер — 136,9 мың га). Биыл барлығы 156 мың гектар алқапқа егін егілді. Оның 120 мыңының жағдайы қанағаттанарлық, 6 мыңының жағдайы нашар. Әрине, жыл қиын болғанымен, жалпы облыстағы егін шаруашылығының жағдайы көңіл көншітерлік. Былтыр әр гектардан орта есеппен 9 центнерден өнім алсақ, биыл әр гектардан 8 центнерге жуық өнім аламыз деп отырмыз. Барлық дақылдардың ішінде қарақұмық ең көп зардап шекті. Қалған дақылдардың жағдайы қанағаттанарлық. Орташа шөп өнімділігі гектарына 3,5 центнерді құрайды. Бұған дейін облыс билігі жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларын әзірлегенін мәлімдеген болатын. Жемнің құнын және жем дайындау үшін арзандатылған дизель отынының көлемін 3 мыңнан 10 мың тоннаға дейін төмендету үшін нормативтерді арттырдық. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының басшылығымен шөпті орып, Павлодар облысына жеткізу жөнінде келістік, — деді аудан әкімі. Сонымен қатар, Айтуған Шайхимов биыл ауданда жем шөп мәселесін шешу мақсатында жергілікті шаруалармен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұратынын жеткізді. Кездесу барысында мал азығының бағасын тұрақтандыру, жем-шөп қорын құрсынды өзекті мәселелер талқыланып, түйткілдің шешу жолдары қарастырылуда. Оның айтуынша, егер биыл шөп қоры жоспарлағандай жүзеге аспаса, мал азығына дәнді дақылдарды да пайдалануға болады. Биыл сала қызметкерлері өңірдегі мал санын ескере отырып, жем-шөппен қатар, егістік алқаптарындағы жоңышқа, жүгері, дәнді және майлы дақылдардың сүрлемдерін дайындау қажеттігін алға тартқан. Жергілікті аграрийлер барлық жиналған өнімді елді мекендегі тұрғындар мен шаруашылық құры-лымдарына қолжетімді бағада ұсынбақ. Орташа есеппен шөптің бағасы 60 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, аудан әкімі мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің жалпы ауданы 13 мың 121 гектарды құрағанын атап өтті. Оның ішінде егістік алқабы – 3 мың 652 гектар, жайылымдық жерлер 8 954,6 гектарды құрайды.
— 2023 жылдың 1 жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8 миллиард 254 миллион теңгені құрады. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көлемнен 16,4 пайызға жоғары. Ағымдағы жылы көлемді 49,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, 2023 жылдың 2 жартыжылдығында 2 конкурс өткізу арқылы ауданы 9 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тарту жоспарланған. Қайтарылған жерлердің жалпы санынан елді мекендер жерлерінің құрамына халықтың жайылымдық жерлердегі мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін жалпы ауданы 1 мың 275 гектар учаскелер қайтарылды, — деді А.Абылайұлы. Железин ауданында 277 ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 1 жартыжылдықта 7,8 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін 15 миллиард теңгеден астам инвестициялар тарту жоспарлануда.
А.МҰҚЫШЕВ.