Май ауданында шөп шабу науқаны басталды. Аудан бойынша мал азығын дайындаудың негізгі бөлігі Ертіс өзенінің шабындық жерінде өтеді. Оған 325 техника және қосалқы жабдықтар жұмылдырылады.

2024-2025 жылдарға қысқы мерзімге жалпы 39,1 мың мал басы кіреді деген жоспар бар. Оларға қажетті мал азығы — 117,3 мың тонна. Осы жылы ауа райының қолайлы болуына байланысты 173,7 мың тонна бір жарым жылдық мал азығын дайындау жоспарлануда.

Биыл шабындықтардың жоспарланған ауданы 106 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде тоғай шөбі 40,2 мың гектардан, көпжылдық шөп 13,8 мың аумақтан, біржылдық шөп 18,6 мың гектардан және шабылмалы жайылым 33,2 мың гектардан жиналады. Бүгінде жалпы 11,5 мың тонна мал азығы дайындалды.

Жалпы, аудан бойынша 76 қыстақ орны бар. Оның 26-сы Ақшиман ауылдық округіне тиесілі.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.