Биыл жаңбыр жаумай, қуаңшылық болуы салдарынан облыстың елді мекен тұрғындары мал азығынан қиналып қалуы мүмкін. Алайда Успен ауданының билігі ауданда қысқы жем-шөп мәселесі туындамайтынын алға тартады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев мәлімдеді. Аудан әкімінің сөзінше, биыл қыс мезгілінде ауылдағы ағайын жем-шөптен қысылмауы тиіс. Бірақ осы жылы өткен жылдан қарағанда жем-шөп мөлшері аз болады деген болжам бар.

— Бүгінде жалпы қажеттілік 120 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы жиналған мал азығын қоса санағанда қорда 105,1 мың тонна жем-шөп сақтаулы. Бұл 85 пайызды құрайды. Алайда осы жылы аймақта қуаңшылық орын алуы себебінен жем-шөп аз болуы мүмкін, — дейді Н.Мақашев. Осы жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша ауданда дәнді дақылдар – 167,2 мың га, майлы дақылдар – 42,5 мың га, жем-шөп дақылдары — 38,7 мың га, картоп-0,3 мың га және көкөністер мен бақша дақылдары — 0,1 мың гектар жиналды. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында биыл ауданның Қозыкеткен ауылында 5 және Новопокровка ауылында 4 жоба жоспарланған. Бүгінде оның 3-еуі аяқталды. Әзірге Новопокровка елді мекеніндегі ауылдық клубты және сондағы 2 мектепалды жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, сол ауылда спорт алаңын салу жұмыстары басталды. Аталған жобалар осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталуы тиіс. Ал келесі жылы бұл бағдарлама шеңберінде Қоңырөзек ауылындағы Павлов орта мектебінде күрделі жөндеу және ұзындығы 6,3 шақы-рымды құрайтын кентішілік жолды 208,2 млн теңгеге жөндеу көзделген. Аудан әкімі, сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шеңберінде биыл Вознесенка, Қаратай және Богатырь ауылдарында су құбырларының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғандарын айтты.

— Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 200 адамнан көп шоғырланған ауылдардың барлығы орталықтандырылған сумен қамтылады. Халықтың қамтамасыз етілуі 97 пайызды құрайды. Келесі жылы Надаровка, Травянка, Ольховка, Дмитриевка ауылдарында кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған, — деді ол. Ал ұзындығы 22,8 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Дмитриевка ауылының кіреберісінде — 10,6 шақырым, Вознесенка ауылында — 4,5 шақы-рым, Тимирязево ауылында — 7,7 шақырым жол жөнделді. Ал Тимирязево ауылындағы кіреберіс жол 2025 жылға дейін аяқталмақ. Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында аудан үшін 120 млн теңге сомасына 26 жұмыс орнын құру бойынша индикативтік жоспар жеткізілді. Кәсіптік оқыту шеңберінде осы жылы 15 адамды оқыту жоспарланған. Оның ішінде 10 адам жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша, ал 5 адам жұмыс берушінің жұмыс орнына орналастырылған. Қазірдің өзінде 7 өтінім келіп түсті.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.