Мал экспортына толықтай тыйым салу керек пе?

Там 14, 2025

Қазақстан Үкіметі 2025 жылдың 15 мамырынан бастап бұқашық-тарды экспорттауға толық тыйым енгізді. Бұл шектеу бастапқыда үш ай мерзімге, кейін осы жылдың қазан айының соңына дейін ұзартылды. Үкіметтің мұндай қадамға баруына ішкі нарықтағы сиыр еті бағасының күрт өсуі себеп болды. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы айларда еттің бір келісі кей өңірлерде 5 мың теңгеге дейін қымбаттап, қарапайым тұтынушылар үшін қолжетімсіз бола бастады. Билік өкілдері экспортқа шектеу қою арқылы ішкі нарықты молайтып, бағаны тұрақтандыруды көздейді. Алайда мұндай шешім ет өндірушілер мен өңдеушілер арасында екі түрлі пікір тудырды. Бірі ішкі нарықты қорғау үшін бұл қадамды құптаса, екінші тарап экспорттың жабылуы сала дамуына кері әсер ететінін айтады. Бұл түйткілді біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Қалауиден ИБРАГИМОВ, облыстық мәслихат депутаты, «Жер аманаты» партиялық жобасының комиссия мүшесі:

— Соңғы жылдары сапалы ірі қараның едәуір бөлігі шетелге кеткендіктен, өзімізде баға шарықтап, ет қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз бола бастады. Экспорттан түскен пайда көбіне ірі шаруашылықтардың қалтасына түседі, ал қарапайым тұтынушы зардабын көреді. Бағаның өсуіне тек тапшылық емес, сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарының шикізатсыз қалуы да әсер етеді. Бұл ішкі нарықтағы ет өнімдерінің түр-түрін азайтып, сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Менің ойымша, біз алдымен жергілікті тұрғындарды сапалы етпен  толығымен қамтамасыз етіп алуымыз керек. Бұған ет өндіру көлемін арттыру, жем-шөп бағасын тұрақтандыру сияқты шаралар көмектеседі. Ішкі нарықта баға тұрақталып, жеткілікті қор қалыптасқан соң ғана артық өнімді экспортқа шығаруға рұқсат берген жөн. Әйтпесе, қазіргі жағдайда шексіз экспорт ауыл шаруашылығының әлеуметтік маңызын әлсіретіп, ел ішінде наразылық тудыратыны анық.

Малды сыртқа шығаруға тыйым салу — ішкі нарықтағы ет тапшылығы мен бағаның шарықтауын болдырмаудың маңызды шарасы. Оған қоса, шаруа қожалықтарын ішкі  сұранысты өтеуге ынталандырады.

 

Арғын ЖҰМАБЕКОВ, «Артаза» шаруа қожалығының басшысы:

— Біз он жылдан астам уақыт бойы асыл тұқымды мал басын көбейтіп, ет сапасын жақсарту үшін қыруар қаржы құйдық. Несие алып, жаңа сарайларды тұрғыздық, жем-шөп базасын көбейттік, техника алдық. Мұның бәрі өзін-өзі ақтауы үшін өнімді тиімді бағамен өткізу керек. Ал біздің негізгі табыс көзіміз – сыртқы нарыққа сату. Шетелдік сатып алушылар біздің етіміздің сапасын жоғары бағалап, әділ баға төлейтін. Сол қаржыны біз қайтадан шаруашылықты дамытуға, малдың санын көбейтуге, ауылдағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге жұмсайтынбыз.

Қазір экспорт жолы жабылды, ал ішкі нарық біздің сапалы өнімімізге тиісті бағаны төлеуге дайын емес. Жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринарлық дәрі-дәрмек бағасы күннен- күнге өсіп жатыр. Шығын көбейіп, табыс азайса, мал басын ұстау тиімсіз болып қалады. Мұндай жағдайда шаруалардың көбі мал санын азайтып, тіпті етті бағыттан мүлде кетуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл — тек жеке шаруашылыққа емес, тұтас салаға зиян.

 

Жұлдыз БАЙСАЛБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Соңғы жылдары еттің бағасы уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Бұрын апта сайын ірі қара малдың етін алып жүрсек, қазір айына бір-екі рет қана алатын болдық. Әулетіміз үлкен болғандықтан, ет дастарханнан үзілмесе екен деймін, бірақ бағасына қарасаң, кейде амалсыз тауық етіне немесе басқа арзан тағамға көшуге мәжбүр боласың.  Бұған тірі малдың көптеп шетелге шығарылуы да әсер етіп жатыр деп есептеймін.

Енді тірі малды шетелге экспорттайды дегенді естігенде, алаңдай бастайсың.  Өйткені, сыртқа көп сатылған сайын ішкі нарықта мал азаяды, соған байланысты еттің бағасы тағы да шарықтауы мүмкін. Біз үшін, қарапайым тұтынушылар үшін, бұл – тікелей қалтаға түсетін салмақ.

Әрине, экспорттан мемлекетке пайда түсері анық әрі мал өсірумен айналысатын шаруалар да табыс табады. Бірақ қарапайым тұрғындардың жағдайын да ескеру керек деп есептеймін. Алдымен өз еліміздегі дүкендер мен базарлар етке толы болып, бағасы қолжетімді болуы шарт. Сонда ғана артығын шетелге сатса, бәрі ұтады. Біз де етті арзан аламыз, мемлекет те пайда көреді.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.