Железин ауданындағы Моисеевка ауылында жергілікті жұрт көптен бері күткен қуанышты сәт келіп жетті. Екі жыл бұрын апаттық деп танылып, әбден тозығы жеткен мектептің орнына жаңа ғимарат салынды. Енді оқушылар жайлы, кең әрі жарық кабинеттерде сапалы білім алып, спорт залында шынығып, мәжіліс залы мен шеберханада шығармашылығын шыңдай алады. Жаңа нысанда бұрын-соңды ауылда болмаған шағын орталық та жұмысын бастамақ. Барлық заманауи талапқа сай жабдықталған білім ордасына Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді.

Железин ауданы Моисеевка ауылындағы мектеп 1962 жылы қамыстан салынып, сырты кірпішпен қапталған еді. Сол тұста бұл оқу орны уақытша ғимарат ретінде салынды. Алайда 60 жылдан астам уақыт бойы балалар дәл осы мектепте білім алып келді. Бұл уақыт аралығында шағын ғана ғимарат әбден ескіріп, төбесі опырылып, едені тесілді. Су, жылу желілері де істен шыға бастады. Ауылдағы апаттық мектептің жағдайын біздің басылым тілшілері де бірнеше рет басылым бетінде көтеріп, бұқараның базынасын білдірген еді. Жалпы, елді мекенде жаңа мектеп салу мәселесі 2012 жылдан бері айтылды. Бірақ оң шешімін тек биыл тапты. Аймақ басшысы Асайын Байханов Железин ауданына сапары барысында екі жыл бұрын апаттық деп танылған оқу орнының жағдайын көріп, бірден жаңа ғимарат салуды жүктеді. Сөйтіп, осы жылдың маусым айында заманға сай нысан салына бастады.
— Мектептің ескі ғимаратында балаларға білім беру қауіпті болғаны рас. Есік-терезелер ескіріп, қабырғалары жарылып, төбесі ойыла бастады. Оған қоса, оқу кабинеттері аз әрі тар болғандықтан, шәкірттерге жан-жақты білім беруге жағдай бола қойған жоқ. Спорт залы, мәжіліс залы, асхана сынды кабинеттермен қамту тіпті қиынның қиыны еді. Абырой болғанда, биыл облыс және аудан басшылығының қолдауымен талай жылғы түйткілдің түйіні тарқап, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Мектебіміз қысқа уақыт аралығында салынды. Мұнда бәрі жаңа. Компьютерлер, интерактивті құралдар, жиһаздар – барлығы жаңадан сатып алынды. Ескі мектепте болмаған спорт және мәжіліс залдары, шағын футбол, акробатика мен ойын алаңдары, шеберханалар ашылды. Тіпті, инвестор балалар мен ұстаздарға жайлы болуы үшін мектеп ішіне гүлдер қойды. Осындай игіліктің жасалғанына бек қуаныштымыз, — дейді мектеп директоры Алма Жұмабаева. Қазіргі таңда 9 сыныптық негізгі мектепте барлығы 44 шәкірт білім алып, 15 ұстаз еңбек етеді. Алдағы уақытта оқу орнын орта мектепке айналдыру жоспарда бар. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап шағын орталыққа балалар қабылдана бастайды. Бұған дейін ауылда мектепке дейінгі білім беру мекемесі болған емес. Көпшіліктің қуанышына облыс әкімі Асайын Байханов та ортақтасты. Кеше білім мекемесінің салтанатты ашылуына қатысқан аймақ басшысы оқушылар мен ұстаздар қауымына жаңа мектепте жаңа жетістіктерге жетуді тіледі.


— Моисеевка ауылына алғаш рет келіп, сол кездегі мектептің жай-күйін көрген кез әлі есімде. Осындай ауыл мектебінде балалардың білім алып жүргенін көру оңай болған жоқ. Сол кезде бірден аудан әкімі, білім беру басқармасының басшысымен ақылдасып, мектеп салуды ұйғардық. Бұған кей азаматтардың күмәнмен қарағаны рас. Кейбір ата-аналардың жанарынан «Бұл кезекті құр сөз, «құрғақ» уәде емес пе екен?» деген күдігі мен күмәнін де байқадым. Қиындықтарға қарамастан балалар үшін жайлы жағдай жасай білдік. Апаттық мектепті алмастыратын оқу орнының мәртебелі мамандық иелері – мұғалімдердің төл мерекесі қарсаңында есігін айқара ашуы да ерекше қуантып отыр. Сіздердің жауапты әрі қиын еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіре отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде шығармашылық табыс пен жетістік тілеймін. Мектептегі бала санын көбейтіп, қазақтілді сыныптар ашу керек. Аудан басшылығына қоныстанушыларды көптеп әкелуді тапсырамын. Бұл іске ауыл азаматтары да үлес қосса екен деймін, — деді А.Байханов. Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов та сөз алып, мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.


— Қазақтың біртуар тұлғасы, ақын Мағжан Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін» деп жырлап еді. Бүгін есігін айқара ашқан білім шаңырағына Мағжан Жұмабаевтың есімі беріліп отыр. Біз осы мектептен түлеп ұшқан оқушылар ел сенімін ақтап, үлкен азамат қатарына қосылса екен деп тілейміз. Сондықтан Алаш зиялысының есімі берілуі тегін емес. Жалпы, көптен күткен мектебіміздің ашылуы білім сапасын арттырып қана қоймай, ауылдың әлеуетін да еселей түсетіні анық. Себебі, мектеп бар жерде өмір бар, — деді аудан әкімі. Бәрінен де жаңа мектептің ашылуына оқушылар мәз. Олар енді қатарластары сияқты жайлы мектепте оқитынына дән риза. Мәселен, 5-сынып оқушысы Александра Ибатко ескі ғимаратта болмаған арнайы кабинеттерде білім алуға асық. Шеберханада тігін тігуді үйреніп, спорт залы мен алаңдарда шынығуды қалайды. Енді жақсы оқуға да ерекше көңіл бөлуіміз керек, дейді ол. Айта кетейік, Моисеевка ауылындағы 100 орындық білім ордасы жеке инвестор – «FIRST NATIONAL CONSTRUCTION» ЖШС қаржысы есебінен салынды. Бұл мақсатқа шамамен 750 млн теңге жұмсалды. Компания өкілі Олег Тышковскийдің сөзінше, құрылыс жұмыстарына 100-ден астам білікті маман тартылды. Ауыл азаматтары да өз үлестерін қосты. Ендігі ретте бағалау жұмыстары аяқталған соң аталмыш мектепті мемлекет өз иелігіне сатып алады. Егер әу баста бірден мемлекет қаржысына салынатын болса, ғимарат кем дегенде екі жылдан соң қолданысқа тапсырылатын еді. Себебі, жобалау, сараптау, бюджеттен қаржы бөлу жұмыстары ұзақ уақыт алады. Сонымен қатар, Баянауыл ауданы Қаражар ауылында және Павлодар ауданы Сычевка ауылында да апаттық мектептердің орнына жаңа нысандар  салынуда. ERG компаниясымен жасалған меморандум аясындағы қолға алынған құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Аз уақыт аралығында аталмыш елді мекендердің балалары да Мағжан Жұмабаев мектебінің оқушылары сияқты жайлы жағдайда білім алатын болады.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
Железин ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.