Бүгінгі таңда ауданға қарасты бірқатар елді мекенде медициналық ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтермек. Алдағы уақытта аталмыш медициналық орталықтар бала денсаулығы кабинетімен, заманауи процедуралық, терапиялық кабинеттермен жабдықталып, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынатынын айтқан болатын. Жобаның мақсаты — ауылдарда медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту. Бұл ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін қолайлы жоба болмақ. Осы орайда, жақында аудан әкімі Нұрболат Мақашев бірқатар елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс алаңына барып, медициналық нысандардың ауыл үшін маңызы зор және оның сапалы салынуы басты шарт екенін айтып өтті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертіп, тиісті бөлім басшысына және ауылдық округ әкімдеріне бұл жұмыстарды үнемі назарда ұстауды жүктеді.
— Жұмыс сапары аясында Қозыкеткен, Ковалевка, Тимирязево және Қызылағаш ауылдарындағы медициналық пункттер құрылысының барысымен таныстым. Жұмыс жобаларға сәйкес жүргізілуде және белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бірқатар ғимараттың қабырғасы қаланып, ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Ал кейбір нысанда мердігер мекеме тарапынан ғимараттың қабырғасын қалау, сонымен қатар, арнайы плита жабындысы жабылуда, — деді аудан әкімі.
А.МҰҚЫШЕВ.