Ауданның көркейіп, жылдан-жылға гүлденуі ауылдық округтерде салынып жатқан құрылыс нысандарының сәулетті болып бой көтеруі мен ауыл көшелеріне төселген тас жолдардың сапалы болуына тікелей байланысты. Кейінгі жылдары бұл бағытта аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтсақ, соңғы жылдары аудан бойынша бірнеше нысан бой көтеріп, көптеген ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Биыл да ауданда бұл дәстүр жалғасын тауып, Заңғар ауылдық округінде көптен бері халық сұранысында жүрген фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы басталды. Бүгінгі күні аталған медициналық ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақта фельдшерлік-акушерлік пунктінің ауыл тұрғындарына тигізер пайдасы орасан зор екені белгілі. Өйткені бұл денсаулық орталығы осы ауылдағы басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарының сырқатынан айығуына себеп болмақ.
Аудандық әкімдікте қазіргі уақытта ФАП ғимаратының құрылысы аяқталуға аз уақыт қалғанын айтып, жұмыстың 85 пайызы орындалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда ғимараттың шатыры толық жабылып, терезелері орнатылып, ауласы қоршалған. Ендігі кезекте құм сылақ жүргізу, есіктерді орнату жұмыстары қалған.
А.МҰҚЫШЕВ.