Өткен жылы Ертіс ауданында білім беру саласында ауқымды іс атқарылды. Ауылдардағы мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, оқушылар заманауи кабинеттерде білім алуда.
Аудан әкімі Нығман Жүсіпов 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Майқоңыр мектебі күрделі жөндеуден өткізілгенін айтады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын жаңғырту шеңберінде Панфилов жалпы орта мектебіне 326 млн теңге бөлінді. Бұланбай ауылында жалпы сомасы 112 млн теңгеге заманауи мектеп салынды. Биыл Қызылқақ ауылының оқушылары да осындай қуанышқа кенелмек. Өткен жылы елді мекендегі 100 орындық мектептің құрылысы қолға алынған болатын. Заманауи білім ордасының құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
— Панфилов, Майқоңыр, Ұзынсу ауылындағы мектептерде жаңа үлгідегі кабинеттер ашылды. Жаңа оқу жылында Ертіс жалпы білім беретін №1 мектебінде инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында Бұланбай негізгі мектебіне заманауи жиһаз, компьютерлер және асхана жабдықтары сатып алынды. Сонымен қатар, бірқатар мектепте қазандықтар мен жылу жабдықтары орнатылып, жылу желілері мен мұржалар ауыстырылды, — дейді Н.Жүсіпов.
Аудан оқушыларының жетістіктерін де атап өткен жөн. Оқу жылы басталғалы балалар халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жүзден жүйрік атанды. Бұл ретте білімділер додасында 115 оқушы жеңімпаз атанып, 195 бала жүлделі орындарға ие болды.
Панфилов мектебінің оқушысы Мақсат Елубай республикалық информатика олимпиадасының жеңімпазы атанды. Ертіс №2 мектебінің оқушысы Айзере Қайрат «Махамбет оқулары» республикалық байқауында топ жарды.
Соңғы үш жылда Ертіс ауданының футбол, баскетбол және «Қалқан» әскери-патриоттық жастар жиыны командалары республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтқанда, Қызылжар мектебінің командасы 7–8-сынып қыздары арасында өткен республикалық мектеп лигасында футболдан чемпион атанды. Балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері –
«NOVA» триосы — «Бірлігіміз жарасқан!» республикалық фестивалінің жеңімпаздары. Ұстаздар қауымы оқушылардың болашағынан мол үміт күтеді.
Атап өтерлігі, ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ертіс ауылында көптен күткен бассейннің құрылысы басталды. Майқоңыр ауылында жастардың сұрауы бойынша воркаут алаңы, Ағашорын ауылында футбол алаңы салынды. Қазір ауданда жалпы саны 23 елді мекенде футбол алаңы бар. Тек Луговой және Үлгілі ауылдарында әлі салынбады. Бұдан бөлек, 300-ге жуық халқы бар Қызылағаш ауылында мәдени-сауықтыру орталығы бой көтерді. Биыл Ертіс ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
