Кеншілер шаһарындағы «Әкіммен бір күн» жобасы жергілікті оқушылар үшін қызықты. Себебі, олар бір күндік уақытын қала әкімімен бірге өткізіп, жергілікті биліктің жұмысымен жіті танысады.
Бұған дейін қала әкімі Аян Бейсекин «Үміт» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен өткен кездесуде бір күнді бірге өткізуге уағдаласқан еді. Бұл жоба — жастарды кәсіби бағдарлау аясындағы кешенді жұмыстың бір бағыты. Соның аясында №24 мектептің оқушылары Диана Мидинова мен Артем Довбыш жазғы демалыстағы уақытты әкімдік жұмысымен етене танысуға арнады. Бұл күні балалар шаһар басшысымен бірге қаланы дамыту мәселелері талқыланған жиынға, спорттық турнирге қатысты. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстарының барысын байқап, құрылыс алаңдарында болды.
Диана биыл колледжге оқуға түсіп, мұғалім атануды қалайды. Артем да ұстаздық жолды таңдады. Аян Уахитұлы осы мақсаттарына жетуіне тілектестік білдіріп, екі оқушыға естелік сыйлықтар табыстады.
— Бұл біз үшін жай ғана экскурсия емес, маңызды күн болды. Біз әкім болу тек кабинетте отыру емес, күн сайын маңызды шешімдерді қабылдап, тұрғындардың мәселесіне назар аударып, оларға жайлы жағдай жасаумен байла-нысты екенін түсіндік. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы көп еңбекті, зор жауапкершілікті талап етеді екен, — деп түйіндеді Артем Довбыш.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.