Механизаторлар әулеті

Сәу 10, 2025

Жас механизатор Номозджан Файзиев атасы мен әкесінің жолын қуып, әулеттік кәсіпті жалғастыру үшін ауылға оралған. Бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы саласына төселіп қалғанын айтады.

«Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжін тәмамдаған Номозджан ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар әкесімен бірге жұмыс істеу үшін еңбек жолын ауылдан бастауды жөн көрген. Бала күнінен әкесі сияқты механизатор болуды мақсат тұтқан. Әкесі Андрей Файзиев «Ертіс» шаруа қожалығында 20 жыл көлемінде механизатор болып жұмыс істеп келеді. Шаруашылықтағы мыңға жуық сауын сиырды тамақтандырумен де айналысады. Ол да жергілікті колледжде білім алып, «Ауыл шаруашылығы саласының механизаторы» мамандығын меңгерген. Бұл саланы ұлы сияқты әкесіне қарап таңдаған.

— Баламның атасы, менің әкем, ауыл шаруашылығы техникаларының «құлағында ойнайтын». 1984-1996 жылдары «К-701» техникасын, 1997-2012 жылдары аралығында «Нива» комбайнын жүргізді. Көктемгі егіс жұмысына қатысып, күзде астық жинаумен айналысатын. Өзім де әке ізін жалғап, техника рөліне отырғаннан қыстай ауылға азық-түлік тасып, егістікке қар тоқтатып, көрші ауылдарға мал азығын тасымалдадым. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, күн қарая ғана үйге оралатынмын. Содан бері 18 жыл тракторда еңбек етіп келемін. Әулетіміздің кәсібін енді балам жалғастыруда. Бұл саланы өз қалауымен таңдады. Қазір жастарды ауылға шақыру оңай емес екені рас. Механизаторлық жұмыс — өте күрделі сала. Бұл жұмысқа жаныңды салмасаң, нәтижеге жету мүмкін емес. Қазір өз білгенімді балама үйретіп, қиын салаға барынша баулып келемін. Жастайынан ауданымыздың ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, еңбегінің жемісін көрсе деймін, — дейді А.Файзиев.

Номозджан «Маяк» шаруа қожалығында тракторист әрі дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Еңбекке алғаш араласқанда «МТЗ-82.1» тракторын тізгіндеп, жер жыртып, жүгері өсірумен айналысады. Сонымен қатар, «К-700» тракторы мен «Есіл-750» техникасын жүргізіп, күзгі жиын-терім жұмыстарына атсалысқан.

— Қазіргі техника заманауи, жүргізуге өте жеңіл. Оның «тілін» жастар тез меңгереді. Бітік егін табиғаттың пейілі мен диқанның маңдай теріне байланысты екенін түсіндім. Егістік даласында жұмыс істейтін жандар еңбектің жемісін көру үшін күш-жігері мен денсаулығын сарп етеді. Мен үшін жер жырту, егін егу, астық жинау жұмыстары емтихан тапсырумен тең. Білмегенімді әкемнен сұраймын. Атамның жолын қуғандықтан, осы салада биік белестерді бағындырсам деймін. «Егіншінің бір күні – жылға азық» деп бекер айтылмаған. Күзде қырман астыққа толуы үшін шаруалар барын салады. Қазір жер жырту жұмыстарына әзірлік басталуда. Биыл дала төсінде төккен тер ақталып, мол азыққа кенелсек деген тілегім бар, — дейді жас механизатор.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.