Алдағы уақытта мешіттерге қазақ даласынан шыққан әулие, ғұлама, ишандармен қатар, батырлар мен Алаш қайраткерлерінің есімдері берілуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасында мәлімдеген болатын. Мұндай бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биылғы 35 жылдық мерейтойына орай атқарылатын шаралардың жоспарына енген. Алайда діни басқарманың аталмыш жобасын құптап, қуаттап жатқандар да, қарсы пікір білдіріп жатқандар да бар. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің барлығы бірдей дін жолында қызмет қылмаған, сондықтан олардың есімдерін ғибадат үйлеріне беру де орынсыз дейтіндер бар. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып, талқылап көрік.

Жолдас ҚОСПАҚҰЛЫ, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы:

— Алаш көсемдерінің есімін мешіттерге беру бастамасын толық құптаймын. Бұны мен тек мешіт имамы ретінде ғана емес, жалпы Алаш қайраткерлерінің есімін, олардың ұлт болашағы жолындағы ерлік істерін үлгі тұтатын қазақ баласы ретінде жөн санаймын. Неге десеңіз, бұрынғы Алаш көсемдерінің барлығы мұсылман болды. Екіншіден, өз ұлтының жанашыры, өз елінің патриоты ретінде адал еңбек етіп, халқына қалтқысыз қызмет қылды. Біздің бүгінгі әдеби, мәдени-рухани жағынан дамуымыздың, ғылым-білім жағынан өркендеуіміздің барлығы сол Алаш арыстарының еңбегінің жемісі дер едім. Ендеше неге ол кісілердің аруағына құрмет көрсетіп, есімдерін әспеттемеске?! Екіншіден, Алаш зиялыларының барлығы дін жолында қызмет істеген жоқ дейтіндер бар. Мәселе ол кісілердің қай салада қызмет істегенінде емес, мәселе Алланы бір, Құранды шын, Пайғамбар Алланың елшісі деп білетін мұсылмандығында. Сайып келгенде Алаш арыстарының көбі медреселерде білім алып, ауыл молдасынан хат таныды. Сондықтан, елімізде Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан сынды арыстарымыздың есімі Алла үйінің маңдайында жазылып тұруы бізде қалыпты жағдайға айналуы керек.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

— Бір жылы солтүстік өңірлердің бірінде Әлихан Бөкейханның есімін бір мешітке беру мәселесі көтерілгенде соңы дауға ұласқан болатын. Тағы сондай шу шығып кетудің алдын алу керек. Мен Алаш зиялыларының көбінің еңбегін оқыдым, олар – ұлт мүддесі жолында бастарын бәйгеге тіккен нағыз күрескерлер. Ал діни сеніміне, діни көзқарасына келер болсақ, көпшілігі — зайырлы азаматтар, дін мен мемлекетті бір-бірінен бөлек қарастырған тұлғалар. Сондықтан, діни мекемеге, мешіт-медреселерге дәл Алаш көсемдерінің есімін беру артық шаруа деп санаймын. Әрине, олар да құдайсыз, дінсіз болған жоқ. Еңбектерінде Алланы жоққа шығару, діннен безу туралы айтылмайды. Яғни, екі жақты қатар ұстанған зайырлы мұсылман болған. Иә, Алаш арыстарының есімін ұлықтауды, кейінгі ұрпақтың жадында қалдыруды есімін мекемелерге, көшелерге және басқа да қоғамдық орындарға беруден бастауды құптаймын. Бұл — олардың есімін тарихта қалдырудың ең тиімді жолы. Дегенмен, мешіттерден гөрі мектеп, колледж, университет, академия және осы ұйымдарға қарасты мекемелерге берген ұтымдырақ болар еді. Ал мешіттерге кезінде таза діни ағартушылық салада қызмет еткен діни қайраткерлердің, ишан-молдалардың, ерте заманда қажыға барғандардың есімін берген абзал. Біздің өңірде ондай тұлғалар өте көп болған. Кезінде Өкпенің Кәрімтайы деген азамат осы тізімді анықтап кеткен болатын. Міне, осы тізімді қолға түсіріп, қарастыру керек.

Сапарбек МАУСЫМБАЕВ, зейнеткер ұстаз:

— Алаш қайраткерлерінің өмірі мен тарихын оқып отырсаңыз, қай-қайсысы да медреседе білім алып, ауыл молдасынан хат таныды. Атап айтар болсақ, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ұлт зиялыларының барлығы медреседе білім алғанын олардың өмір тарихынан білеміз. Сондықтан, оларды діннен алыс болды я болмаса Аллаға сенбеді, Пайғамбарды мойындамады деп айта алмаймыз. Әрине, әсіредіншілдікке, діни фанатизмге қарсы болғаны анық. Сондай-ақ, кейбір дүмше молдалардың діни жабайылығын да қатаң сынға алғаны жасырын емес. Демек, бұл — дінді жоққа шығару, дінді мойындамау деген сөз емес. Керісінше, дін тазалығын сақтап, ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға сүйреп келген дәстүрлі исламның қалыптасуы жолына ықпал етті. Өздеріңіз білесіздер, қазір кейбір қалталы азаматтар өз қаражатына мешіт салып, оған өзінің коммунист болған атасының есімін беріп жатыр. Ал оның орнында Алаш зиялыларының есімдері тұрса кімге кедергі болыпты. Бұл ұлт көсемдерінің рухына көрсеткен құрметіміздің бір көрінісі болар еді. Сондықтан, мен бұл бастаманы бірауыздан қолдаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.