Мобилографияны меңгереді

Нау 7, 2025

Аудандық кітапхананың оқу залында «Мобилография» клубы ашылды. Заманауи жоба кітап оқуға құмар тұрғындарға сапалы фото мен видео түсіруді үйретіп, кітапхана қызметін кеңінен насихаттауды мақсат тұтады.

Бүгінде әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар бейнежазбалардың сапалы болуын талап етеді. Аудандық кітапхана заманауи трендтен қалыс қалмай, жергілікті тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа жобаны қолға алып отыр. Клуб мүшелері смартфон камерасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, композиция, жарық пен ракурс секілді түсірілім қағидаларын меңгеруді, фотосуреттер мен видеоларды өңдеу бағдарламаларымен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар, қатысушылар кітапхана мен аудан тарихына қатысты сапалы материалдарды әлеуметтік желі үшін әзірлейтін болады.

Жобаның алғашқы шеберлік сағатында аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы М.Сабыржанқызы, «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығының жас маманы К.Рахат, кітапхананың жас маманы А.Жұмаділ өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар мобилографияның қыр-сыры, сапалы контент түсірудің маңызы және әлеуметтік желілерде фото-видео материалдарды дұрыс ұсыну жолдары туралы айтты.

«Мобилография» клубы – тек әуесқой фотографтар мен видеографтар үшін ғана емес, әлеуметтік желілерде сапалы контент жасауды үйренгісі келетін кез келген тұрғын үшін үлкен мүмкіндік. Аудандық кітапхана қызығушылық танытқан тұрғындарды «Мобилография» клубының мүшесі болуға шақырады.

Зәуреш ОРАЗБАЕВА.