Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ертіс және Железин аудандарына барды. Егістік алқаптарын аралап, аймақ басшысы астықты аудандардағы күзгі жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты.
Аймақтың басты астықты екі өлкесі – ертіс ауданында дәнді дақылдар өсіруге басымдық берілген. Бұл аудан егіс алқаптары жағынан көш басында, 316,9 мың гектарға егін егіледі. Жиналатын астықтың болжамды жалпы көлемі -244,6 мың тонна, майлы дақылдар — 37,5 мың тонна.
Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 75,7 мың гектар алқабынан егін орылған. Өнімділігі гектарынан 12,8 центнерді құрайды. Жиын-терім жұмыстарына 467 комбайн, 364 трактор жұмылдырылған. Шаруашылықтар жанар-жағармаймен толық көлемде қамтамасыз етілген.
Аймақ басшысы «Кәусар» ШҚ егістіктерінде бидай мен күнбағыс жинау жұмыстарының барысымен танысты. Диқандар дәнді дақылдарды жинау науқанын 10 қазанға дейін аяқтап, одан кейін майлы дақылдарды жинауға кірісуді жоспарлауда. Шаруашылық күнбағыс өнімі былтырғы жылға қарағанда екі есе көп мөлшерде жиналады деп болжауда. Биыл фермерлер мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын қолданды, яғни, лизинг, арзандатылған дизель отыны және жеңілдетілген мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларының жемісін көрген.
Облыс әкімі шаруалармен барлық мәселелерді талқылап, аудан ауылдарындағы жастардың жұмыспен қамтылуына назар аударды.
— Ауылды қолдау маңызды. Бір жылдың ішінде Ертіс ауданынан 400 адам қоныс аударған. Бұл — аудандағы 27 ауыл 1 ауылға кеміді деген сөз. Жастар көшіп кетіп жатыр. Сондықтан бизнесті дамыту, заманауи кәсіпорындарда тартымды жұмыс орындарын құру, лайықты жалақымен, жайлы техникамен қамтамасыз ету қажет, — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі 900 гектардан қарақұмық, 4 мың гектардан арпа мен күнбағыс, 10 мың гектардан бидай және 500 гектардан зығыр жинап жатқан «Талапкер» ШҚ егіс алқаптарында болды. Мұнда астықтың 60% жиналды.
— Ең маңыздысын атап өткен жөн. Бұл топырақ құнарлылығының төмендеуіне жол бермеу қажет, болашақ ұрпақтың да игілігіне жарауы үшін жерге қамқорлық жасау керек. Ол үшін толыққанды астықты, май құрамы жоғары дақылдар алу үшін тыңайтқыштарды уақытылы себу қажет, — деді облыс әкімі астық жинау науқанын талқылау барысында фермерлерге.
Сапар барысында Асайын Байханов «Фадеев сызығын», яғни, мықты тұқым өндірудің жұмсақ фракциялық технологиясын белсенді пайдалынып жатқан Абай атындағы ЖШС егістіктеріне барды. Ауа райы жағдайының жайлылығы және жаңа технологиялар шаруашылықты дәнді дақылдардың жоғары өнімді-лігімен қамтамасыз еткен. Бұл өз кезегінде серіктестіктің барлық қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға көтеруге мүмкіндік берді.
Облыс әкімі бұл ҚР Президентінің халықтың табысын арттыру туралы тапсырмасын тікелей орындау екенін атап өтті. Егер әрбір фермер осылай жасаса, бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге оң әсер етеді.
Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов Ертіс ауылындағы жөндеу жұмыстары аяқталған балалар өнер мектебін тексерді. Қараусыз қалған ғимаратты қайта жаңартуға 176 млн теңге бөлінді. Бүгінде мұнда аудан орталығы мен жақын маңдағы ауылдардың 800 баласы көркемдік-эстетикалық, музыкалық, хореографиялық бағыттар бойынша сабақтарға қатысады.
* * *
Бұдан кейін облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданындағы орақ науқанының барысын тексерді. Биыл ауданның егіс алқабы 202,6 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар — 136,5 мың гектар. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы болжамды түсіміне келсек, дәнді дақылдар — 121,1 мың тонна, майлы дақылдар — 28 мың тонна. Бүгінгі таңда 37,6 мың гектар алқап орылды, астық жинауға 644 комбайн жұмылдырылды.
Күзгі дала жұмыстарына 3,5 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны, астықты кептіруге — 79 тонна әлеуметтік газ бөлінді. Ауданда 5 астық кептіргіш бар, оның ішінде үшеуі дизель отынымен, екеуі газбен жұмыс істейді.
Аймақ басшысы 4188 гектар алқаптан бидай, сұлы, күнбағыс жинап жатқан «Дари-АР» ЖШС-нің және қарақұмық, судан шөбі, күнбағыс жинап жатқан «Молдакельдинов» ШҚ-ның егістіктеріне барды. Диқандармен дәнді дақылдардың өнімділігін, сақталуы мен өткізілуін талқылады.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «AgroCapital» ЖШС-нің астық жинау жұмыстарының барысымен танысты. Мұндағы жұмыстарға 61 адам, 18 трактор, 10 комбайн жұмылдырылған. 11 жаңбырлатып суаратын құрылғы, өзінің көкөніс және өзге де қоймалары бар. Егіс алқабының көп бөлігіне бидай егілген.
Облыс әкімі аудан басшылығына астық жинау науқанының барысын бақылауды, фермерлерге уақытылы көмек және мемлекеттік қолдау көрсетуді тапсырды.
Аграрлармен кездесуден кейін аймақ басшысы Башмачное ауылында болды. Мұнда өзеннің жағалау жиегі біртіндеп құлауда. Бұл болашақта тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникацияларға қауіп төндіруі мүмкін. Асайын Байханов ұзындығы 500 метр болатын жағалауды нығайту жобасымен танысты. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өткі-зілуде. Асайын Байханов жетекшілік ететін басқармаға мәселені ерекше бақылауға алуды және мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін жобаны іске асыруды қамтамасыз етуді, оған облыстық бюджеттен қолдау көрсетуді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.