Ақсу қаласына отандық және қытайлық кәсіпорындардың үздік мамандары, студенттер мен тәлімгерлер жиналды. Олар ERG Skills International 2025 халықаралық байқауында бас қосып, өзара бақ сынады.
Бұл байқау WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша өтті. Оған Қазақстанның 15 колледжі мен университетінің өкілдері қатысты. Сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов мұндай шаралар жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, техникалық және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Бес күнге созылатын сайыс барысында студенттер мен жас мамандар 13 құзыреттілік бойынша сынға түсті. Олардың қатарында дәнекерлеу және құю технологиялары, өндірістік автоматика, тау-кен ісі мен маркшейдерлік жұмыс және басқа да бағыттар бар.
Үздіктер алтын, күміс және қола жүлде иегерлері атанды. Қатысушылардың айтуынша, жарыстың бәсекелестік деңгейі жоғары болды, ал Қытайдан келген мамандар ерекше дайындық танытты.
ERG Skills International
2025 нәтижесінде жұмысшы мамандық-тарының заман талабына сай әрі беделді екені тағы бір мәрте дәлелденді. Чемпионат жас мамандарды біріктіріп, жаңа білім мен тәжірибе сыйлады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Ақсу қаласы
