Бүгінде Екібастұз қаласының аумағында түрлі кәсіпорын жүйелі жұмыс істеп келеді. Сол арқылы өңірдің экономикалық әрі әлеуметтік ахуалының жақсаруына сүбелі үлесін қосуда.
Сондай кәсіпорындардың бірі – «Екібастұз» мұнай айдау станциясы. Осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын пайдалануға берілген бұл станция бүгінде «ҚазТрансОйл» Павлодар мұнай құбыры басқармасының маңызды буындарының бірі болып отыр. «Павлодар – Шымкент» магистральдық мұнай құбыры арқылы өнімді тасымалдау облыс орталығынан басталып, осы «Екібастұз» станциясы арқылы «Атасу» мұнай айдау станциясына дейін жетеді.
Жуырда қала әкімі Аян Бейсекин аталмыш кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Өндірістік үдерістерді, қызметкерлердің еңбек жағдайларын байқады. Станция электр энергиясымен, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың суымен, өзінің жылу жүйесімен толық көлемде қамтамасыз етілген.
— Бүгінде мұнда 75 білікті маман еңбек етуде. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында кешеннің жұмысы тұрақты әрі үйлесімді ұйымдастырылған. Жалпы, нысанның жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп, барлық үдерістер тиімді әрі тұрақты жүзеге асырылуда, — деп түйіндеді шаһар басшысы.
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.
Екібастұз қаласы.
