Баянауыл ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы сәтті түрде жүзеге асып, жергілікті жұртшылықты қуантуда. Айталық, таяуда мұнда екі бірдей мәдениет мекемесі толығымен жаңартылды.

Атап айтқанда, Құндыкөл және Бірлік ауылында мәдениет үйлері күрделі жөндеуден соң салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Ардақ Кісентаев қатысып, тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтады. Аудан басшысы аталған екі ауылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елдің игілігіне жарар өзге де жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

— Құндыкөлде ауылішілік 3,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, 6,3 шақырым көше жарығы орнатылды. Әлкей Марғұлан атындағы мектепке күрделі жөндеу жасалып, оқушылардың сапалы білім алуына жайлы жағдай жасалды. Ал Бірлік ауылында 6 шақырым жол орташа жөндеуден өтті.

Атап өтерлігі, өзге елді мекендердегі жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Майқайың кентінде 9,4 шақырым ауылішілік жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер компания – «Universal klas» ЖШС. Бүгінде 8,3 шақырым жол жөнделіп, қалған 1,1 шақырымға қиыршық тас төселді. Жолды ретке келтіру бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.