Кеңтүбек ауылында күрделі жөндеу жұмысынан кейін мәдениет үйі есігін айқара ашты. Ғимараттағы ағымдағы жөндеу жұмыстары соңғы рет 5 жыл бұрын жүргізілген болатын.

Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын «ВИНТРЕЙД» мердігері осы жылдың мамыр айында бастап, қыркүйек айында аяқтаған. Бұл мақсатқа «Бонус бюджеті» аясында 99 млн теңге бөлінді.

— Ауылдық клубта 10 қызметкер еңбек етеді. Мәдени нысанның жалпы ауданы – 107,4 шаршы метр. Бір қабатты ғимаратта көрермендер залы және екі санитарлық торап орналасқан. Мәдениет үйін қалыпқа келтіру барысында төбесі, шатыры, есіктері, терезелері, едендері және жылу қазандығы ауыстырылды, — дейді мәдениет үйінің әдіскері Амангелді Сағайқызы.

Ауылдық клубта бүгінде балаларға арналған «Қыздар-ай» би үйірмесі, «Құрдастар» вокал тобы, «Гүлдер» отбасылық ансамблі, «Үкілі домбыра» домбырашылар ансамблі және «Замандас» үгіт тобы жұмыс істейді.

Өз тілшіміз.