Мәдениет — қоғам айнасы, ұлт мәйегі. Әсіресе, халықтың мәдени санасы көтерілмей, өзге салаларда ілгерілеу болмайды. Бұл тұрғыда мәдени нысандардың орны бөлек. Ал олардың көркеюі салаға серпін беріп қана қоймай, тұрғындарға да жайлылық сыйлайды.

Осыған орай, қазіргі уақытта Май ауданының Қаратерек ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Аталған жұмыс-тарды «NamysStroy» мердігері жүргізуде. Оған 281, 9 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Бұл мәдениет үйінің іргетасы 1989 жылы қаланып, келесі жылы қолданысқа берілген. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін тек 2011 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді осы жылдың ақпан айынан бастап бұл мәдени орталық күрделі жөндеуден өтуде.

Қаратерек ауылдық мәдениет үйі басшысының міндетін атқарушы Шәруан Жанысова қазіргі уақытта мәдениет үйінің іші толықтай қайта қалпына келтірілгенін айтты. Тек сыртқы әрлеу жұмыстары қалды.

— Мәдениет үйі 270 орынға арналған. Бүгінде мұнда 11 қызметкер еңбек етеді. Жөндеу жұмыстары осы жылдың ақпан айында басталды. Едендер мен қабырғалар және шатыр қайта жөнделді, су жүргізілді, жеке қазандық салынды. Бұған дейін жылу орталықтандырылған жылу жүйесінен келетін. Оның күші мәдени орталыққа жетпегендіктен ғимаратымыздың ішкі салқын болатын. Одан бөлек, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде сыртқы әрлеу және қазандықтың жұмыстары ғана қалды, — дейді Ш.Жанысова.

Мәдениет үйі — екі қабатты ғимарат. Орталықта бүгінде ақ жаулықты әжелерге арналған «Арман-ай» вокалдық тобы, «Қасиетті домбыра» және «Балдәурен» атты сурет үйірмесі бар. Одан бөлек, кітапхана да осы ғимаратта орналасқан. Алдағы уақытта талантты балаларға арналған би үйірмесін ашу жоспарда бар. Әзірге қажетті заттар сатып алынған жоқ.

Айта кетейік, жуырда аудан әкімі Қадылжан Сәтиев мәдениет үйін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, мердігер компания өкіліне аталған жұмыстарды қарқынды әрі сапалы жүргізуді тапсырған.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек