Бүгінде Май ауданында күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер аз емес. Атап айтар болсақ, өңірдегі бірқатар елді мекендегі мектептер мен мәдениет үйлеріне көптен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ауылдардағы кіреберіс жолдар да жөнделмеген. Сондай-ақ, орталық аурухананың жылу жүйесіне қатысты ақаулар орын алған. Бұл мәселелер қашан шешімін табады?
Осы және өзге де сауалдарға Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап берді. Оның айтуынша, биыл аудандағы ұзақ уақыт бойы қордаланып келе жатқан мәселелерді шешуге мән берілмек.
— Ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Баскөл ауылындағы А.Иманов атындағы жалпы орта білім беру мектебіне, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерді жарықтандыру, ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланған. Майтүбек және Қаратерек ауылындағы білім ордалары күрделі жөндеуден өтіп, Е.Мұқашев атындағы мектепте инклюзивті кабинет ашылады. Ауданымыздың 5 елді мекенінде, яғни Ақшиман, Ақжар, Май, Майтүбек, Жұмыскер ауылдарында шағын футбол алаңдары салынады. Жаңатілек, Бозша, Ақсарай шағын ауылдарына кіреберіс жолдар мен Жұмыскерде ауылішілік жолдар жөнделеді. Саты ауылында медициналық пункттің құрылысын салып, сорғы станциясы үшін жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Қазан ауылдық округіне қарасты Қызыл еңбек ауылындағы көше жарығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі — аудандық орталық аурухананың жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу. Осы жылы бұл істі қолға аламыз. Бұдан бөлек, Көктөбе ауылында бассейн құрылысы басталады деген жоспар бар, — деп атап өтті Қадылжан Сәтиев.
Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ, өңірдің өткен жылы әр салада атқарылған жұмыстары мен жеткен жетістіктері баяндалды. Былтыр Май ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1 531,0 млн теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің көлемі 19 211,2 млн теңгеге жеткен. Қазіргі таңда аудан бойынша 44 117 бас ірі қара мал, 62 228 қой, 13 695 ешкі, 34 675 жылқы, 20 түйе, 3 216 құс бар екені тіркелген. Барлық ет түрлерінің өндірісі 10 мың тоннадан асып, жоспар артығымен орындалған.
Егін шаруашылығына тоқталар болсақ, 2024 жылы 53 гектарға жуық алаңда көктемгі егіс жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде дәнді дақылдар – 9 276,3 га, майлы дақылдар 1 395 га жерге себіліп, өнім алынған.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған жұмыстар да сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде, 1 254 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 610 адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 29, жастар тәжірибесі бойынша 48 маманға жолдама берілген. Ал 167 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Атап өтерлігі, білім беру жүйесінде де алға басу байқалады. Бүгінгі күні аудан бойынша 1-6 жасқа дейінгі балғындар 96,6 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағылар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Аудан бойынша 1578 оқушы бар, оның 85,6 пайызы мемлекеттік тілде оқытатын мектепте, қалғаны аралас білім беру мекемелерінде оқиды. Сонымен қатар, 9 мектепте мүмкіндігі шектеулі 76 оқушыға инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Қуантарлығы, барлық білім ордасы компьютерлермен қамтылған.
Аудан әкімі өзге салаларда да жоспар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Нұржайна ШОДЫР.