Аққулы ауылының тұрғын-дары Қалиевтер әулетінің өнімін күн сайын тұтынады. Нан өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлердің тауарына сұраныс жоғары.

Амангелді Сейітжанұлы жұбайы екеуі ауылға кіре беріс жолда орналасқан автобекетті жалға алып, шағын кондитер ашқан. Мұнда келушілердің ыстық шаймен тамақтануы үшін арнайы орындар да қарастырылған. Кәсіпкерлер ыстық нан, тоқаш, бәліш, тәтті печенье, торттың түр-түрін сатады. 3 жылдың көлемінде жұмыс істеп отырған шағын кондитерлік дүкеннің тұрақты тұтынушыларының қатары күн сайын артуда десек, қателеспейміз.

— Отбасылық кәсіпті әйелім, балам үшеуіміз жүргіземіз. Сонымен қатар, тағы бір ауыл тұрғынын жұмысқа қабылдадым. Төртеуіміз тұрғындардың тапсырысын орындап, нан өнімдерін пісіреміз. 3 жыл бұрын әйелім екеуіміз жұмыссыз болдық. Өз-өзімізді еңбекпен қамту үшін шағын кәсіп аштық. Бұл орында бұған дейін шағын дүкен болған. Солардың жабдықтарын 3  млн теңгеге қарызға сатып алып, қолданудамыз.

Отбасымызбен нан өнімдерінің түр-түрін әзірлейміз. Қолымыздан шыққан торттарымыз қаладағыдан кем емес. Бағасы да арзан. Кондитерлік өнімдерді дайындау үшін арнайы курстарға қатыстық. Кәсіби деңгейде әзірлейміз. Таңертең бос сөреге нан өнімдерін орналастырсақ, кешке үйге қайтқанда сөреміз бос тұрады. Өйткені ыстық өнімдерді жергілікті халық тез сатып алады, — дейді А.Қалиев.

Кәсіпкер өзге ауылдардан да тойға, жабдық өткізуге қажетті өнім түрлеріне тапсырыс көп түсетінін айтады. Тіпті, Астана қаласынан да кәсіпкерлердің өнімдерін тапсырыспен сатып алатын тұтынушылар бар.

Шағын кондитерде бір бәліштің бағасы – 35 теңге, кекстің келісі — 1600  теңге, қоюлатылған сүт, ірімшік, жемістер қосылған тәтті печеньелердің келісі — 1750 теңгеден саудаланады. Келушілер үшін шай мен кофе де ұсынылады. Кондитер мамандығын меңгерген әулет  ай сайын кем дегенде 100 мың теңге көлемінде табыс тауып отыр. Несібені наннан тапқан әулеттің кәсібіне толағай табыс тілейміз.

«Талбесікті» әзірлеген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Аққулы ауданы.