Елдегі диірменшілер дабыл қақты. Ұн өндірісіне жауаптылар шикізаттың жоқтығын айтып шырылдап отыр. Бұлай жалғаса берсе, кәсібіміз тұралап, ұн өндірісі тоқтай ма деп қорқады. Себебі биылғы құрғақшылықтың салдарынан ел қамбасы қаңырап, нан бағасы «жамырап» барады. Бағаның бірден шарықтағаны әсіресе наубайханашыларға ауыр тиюде. Табысынан шығыны артқан кәсіп иелерінің айтар уәжі қандай? Нарықта ұн бағасының көтерілуіне не себеп? «Ас атасы – нан» қымбаттай ма?
«Ас атасы» аспандап тұр
Бүгінгі таңда Павлодардағы бірнеше ірі диірмендер астық тапшылығынан тоқтап тұр. Ал дүкендердегі ұнның бағасы күн сайын қымбаттап барады. Кейбір наубайханашылар бұрын жергілікті бидайды пайдаланса, биыл өнім шықпай қалғандықтан Ресейден сатып алуға мәжбүр болып отырғандарын айтады. Бұл бағаның күрт көтерілуіне себеп болды.
— Павлодар облысындағы ұн тартатын кәсіпорындардың басым бөлігі астық тапшылығына байланысты жұмысын тоқтатты. Диірменнің барлығы дерлік астықсыз. Шикізатты Ресейден тасымалдаудан басқа амал жоқ. Себебі жергілікті диқандар бидайымыз жоқ дейді, ал бар дейтіндер бағаны тым шарықтатып жіберген. Бір тоннасына 150-170 мың теңге сұрайды. Ал 1-інші сортты және жоғары сортты ұнның бағасы 220-230 теңге тұрады. Мемлекеттік органдар бізді бақылағандықтан ұнның бағасын көтере алмаймыз. Сонда біз қалай жұмыс істейміз? Кәсіпорындар жаз бойы тоқтап тұрды. Шығынға шыдап жатырмыз. Енді қыста азық-түлік дайындау керек, бірақ қазірдің өзіңде диірмендер тұралап тұр, — дейді Павлодар облысы өңдеушілер қауымдастығының төрайымы, «Жандос» диірмен кешенінің басшысы Жанар Серімова. Алайда жауапты министрлік өкілдері Қазақстанда ұн тапшылығы болмайды деп сендіруде. Ал қымбаттап кеткен ұн бағасына қатысты мәселе жақын арада шешілмек. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев диқаншыларға астық жетіспейді деп ұнды қымбаттатуға негіз жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, алдымен ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып, экспорт көлемін ұлғайту жолдарын қарастыруға болады.
— Сауда комитеті Қазақстанның 13 өңірінде ұн бағасының өскенін анықтады. Атап айтқанда, өсім Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелді. Қазіргі таңда ұн бағасын тұрақтандыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ұнға ешқандай да дефицит жоқ. Өйткені елде астық қоры жеткілікті, — деді министр. ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні министрлік ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бағаның қалыптан тыс күрт өсуін ескере отырып, баға келісімі мен нарық қатысушыларының бәсекелестікке қарсы іс-қимылдары тұрғысынан тексерулер жүргізу, сондай-ақ, монополияға қарсы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылдау мәселесін пысықтауда. Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне ЭШФ деректері бойынша 1-сұрыпты ұнды өткізу кезінде сауда үстемесінің 15 пайыз анықтау тұрғысынан сұрату жіберілді.
— Астық пен ұн көптеген тауарлар бойынша өзіндік құнның негізгі буыны болып табылатынын ескере отырып, АШМ Азық-түлік корпорациясының резервтерінен астықты уақтылы жөнелту, сондай-ақ, ұн бойынша өңірлік ағындарды жолға қою мәселесін ерекше бақылауға алды. Қойылған міндеттерді тиімді іске асыру үшін әкімдіктер өз қажеттіліктерін жедел пысықтап, ұн тартушы операторлардың тізбесін қалыптастырып, Азық-түлік корпорациясына өтінім жіберіп, астықты уақтылы жөнелтуі қажет. Өз кезегінде ҚТЖ-ға астықтың ішкі тасымалын қамтамасыз ету және оны басымдық ретінде анықтау тапсырылды, — деп хабарлады Сауда министрлігінде.
Мәселенің шешімі қандай?
Осылайша жауапты ведомство басшылары нарықта нанның бірнеше түрі барын, министрлік әлеуметтік нанның бағасын ғана бақылай алатынын, қазір Азық-түлік корпорациясында бар бидаймен ішкі нарықты қамту шарасы жүріп жатқанын жеткізді. Ал диірменшілердің айтар уәжі басқа. Олар елде астық қорына байланысты өзгерістер енгізіп, ішкі нарыққа ашық талдау жүргізу керектігін айтады. Сондай-ақ, астық экспортына қойылған шектеулерді толықтырып, бидайдың шетке кетіп қалмауына ықпал ету керек.
— Баға тым шарықтап кетті. Астық өндірушілердің шикізаттың сату бағасын тым өсіріп жібергені ұн өңдеушілерге ауыр соғып тұр. Қазір бидайдың әр тоннасы 170 мың теңгеге жетіп жығылды. Алдағы уақытта бұдан да қымбаттайтынына күмән жоқ. Көпшілік аграрлық шаруашылықтар бидайды қаңтар, ақпан айларында баға қымбаттаған тұста өткізеді. Ешкім ұзақмерзімді келісімшартқа отырғысы келмейді. Баға күн сайын өсіп жатыр, – дейді наубайханашылар.
Қазақстанның астық өңдеу-шілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, мемлекеттік инспекция көрсеткен деректер мен астықты өңдеушілердің дерегі сәйкес келмейді. Кейбір өңірде бидай көлемі екі есе аз, дегенмен ресми деректердегі көрсеткіш басқаша.
— Бүгінгі таңда еліміздегі диірмендерде тартатын тары, илейтін бидай жоқ. Диірмендер сол күйі бос тұр. Мұның басты себептерінің бірі – биылғы қуаңшылық. Оның үстіне, кейбір диқандар бағаның өскенін күтіп, жиған арпа-бидайды қоймада бірнеше ай сақтайды. Осылайша олар бірінші бидай бағасын қымбаттатады, кейін сол қымбат бидайды нарыққа шығарады, – деді Евгений Ган. Оның сөзін орынбасары Талғатбек Әлихан жалғастырып, астықты шетелге экспорттауға мүдделі тұлғалар барын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Талғатбек Әлихан астық өңдеушілердің атынан бірқатар ұсыныс айтты. Оның ішінде субсидия бөлу, астық экспорты кезінде қайтарымды ҚҚС мөлшерін арттыру бар.
— Астық өңдеушілердің несие алуына субсидия бөлуді ұсынамыз. Сонымен қатар, астықты экспортқа шығарғанға субсидия бермей, өзіміздің өңдеушілерге өткізгенге субсидия беру керек. Сондай-ақ, астықты экспорттау кезінде қайтарымды ҚҚС 50 пайыз, ал ұнды экспорттағанда 100 пайыз болуы тиіс, – деді ол.
Әлеуметтік нанның бағасы өсе ме?
Әлеуметтік нанның стандартты салмағы 550 грамм болады. Ол бірінші сұрыпты ұннан пісіріледі. Билік тарапынан тек осы нанның ғана бағасы қадағаланады. Ал нанның қалған түрі мен ұннан жасалатын басқа да тағамдардың барлығының бағасын нарық реттейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қыз-метінің мәліметінше, биыл біздің өңірде ұн тапшылығы мен әлеуметтік нан бағасының өсуіне қатысты мәселе болмауға тиіс. Ведомство сонымен қатар 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 10 позициясы бидайдың құнына байланысты екенін, оның үшеуі — ұн, нан, макарон тікелей тәуелділік және жетеуі (сүт, айран, сүзбе, май, сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа) жанама тәуелділікке ие екенін нақтылады.
— Астық қабылдау кешендерінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тоннаны құрайтын облыстың алты элеваторында 60 мың тонна дән сақтаулы. Барлық элеваторлар 82 бірлік астық кептіру жабдығымен, 196 бірлік астықты тазартуға арналған құрылғылармен жабдықталған. Бір ғана «Жолқұдық элеваторы» ЖШС диірмен комбинатында 65 мың тонна астық сақтауға болады. Біздің өңірдің астық қоры келесі егін жинағанша ішкі нарықты қамтамасыз етуге еркін жетеді, — делінген мәліметте.
Сонымен, түйінді мәселенің тарқатылатын шешімі әзірге белгісіз. Бұл орайда тиісті министрліктер мен ведомстволар мәселені қолға алып, аграрлық шаруашылықтар мен ұн өндірушілердің арасындағы келісімді реттеп, баға саясатына ықпал етсе құба-құп болар ма еді…
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.