Наубайханалар ашылды

Шіл 17, 2025

Екібастұз өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі бірдей наубайхана ашылды. Олар ауылдық аймақтарға нан-тоқаш өнімінің түр-түрін жеткізеді.

Солнечный кентінің тұрғыны Әсемгүл Сағнаева «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді тетігі арқылы жеке кәсібінің жұмысын бастады. Осы мақсатта 2,5 пайызбен 27 млн теңгеден астам несие алды. Бұл сома нан-тоқаш өнімдерін пісіретін цехты жабдықтауға әрі балалардың ойын бұрышын ашуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта наубайхана айына 4500 бөлкеге жуық нан дайындап, оны Солнечный кенті, Ақкөл және Зеленая роща ауылдарының дүкендеріне жеткізеді.

Сол сияқты Шідерті кентінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Иртыш» наубайханасы жұмысын бастады. Кәсіпкер Артем Таратонов қазір наубайхананың жобалық қуаты күніне 200 нанға дейін, ал айына бұл көрсеткіш 9000-ға дейін жететінін айтты. Наубайхана жанынан жабдықталған дүкенде нан өнімдерінің 14 түрі сатылады. Ауыл тұрғындары арасында сұраныстың болуына байланысты кәсіпкердің нан салу көлемін кеңейту жоспары бар. Осы жобаны іске асыру үшін 2,5 пайызбен 9 млн теңге несие алынды.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл өңірде аталмыш бағдарлама бойынша 139 млн теңгеге 13 жоба мақұлданып, тағы бесеуі қарастырылуда.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.