Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде жаңа наубайхана іске қосылмақ. Аталмыш жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында жүзеге асады.

Биыл наубайхана ісін бастауға қатысты жобаны қаржыландыруға аталмыш бағдарлама аясында 27 млн теңге бөлінді. Бұл сома ғимаратты жөндеп, қажетті құрал-жабдықты сатып алуға жұмсалады. Жоспар бойынша, алғашқы бөлке нан келесі жылдың сәуір айында нарыққа жөнелтіледі.

Жобаның барысымен танысқан қала әкімі Аян Бейсекин жаңа наубайхана бір ауысымда 180 бөлке нанға дейін пісіруге қауқарлы екенін айтты. Сол арқылы жергілікті нарықты өз өнімімен қамтудың тағы бір мүмкіндігі туады. Сонымен қатар, ғимараттың екінші бөлігінде тұрғындардың сұрауы бойынша балалардың ойын аймағы жабдықталады.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы — ауылдық жерлер мен кенттерде бизнес бастамаларды іске асыруға арналған тиімді тетік. Биыл өңірімізде аталмыш бағдарлама бойынша үш жоба мақұлданды. Тағы 10-ға жуық жоба қарастырылып жатыр, — дейді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, Аян Уахитұлы қайта қалпына келтіріліп жатқан бассейнге барды. Бұл жобаны «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландырылып отыр. Тиісті жұмыстар әу баста белгіленген мерзімнен кешіккеніне қарамастан сапалы атқарылғаны байқалады. Спорт нысанын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.