Ауданда «Бастау» жобасы кәсіп ашқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Майқоңыр ауылының тұрғыны Әсем Серікбаева өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды.
Арнайы оқудан өткен соң мемлекеттік грантқа өтінім беріп, бизнес жоспарын ұсынады. Әсем Нұрланқызы ауданда тұңғыш рет шағын наубайхана ашу ісін қолға алады. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз негіздегі грант қаражатын фаст-фуд өнімдерін әзірлеуге арналған құрылғыларды сатып алуға жұмсайды. Бүгінде тұрақты тұтынушылары бар жас кәсіпкер жылдам әзірленетін тағамның түр-түрін пісіріп, ауыл жұртшылығының сұранысын орындап отыр.
— Өзім наубайшы мамандығы бойынша білім алдым. Жеке кәсп иесі атанғым келетін. «Бастау» жобасы менің мақсатымды орындады. Ауылда наубайхана жоқ болатын. Сондықтан нан-тоқаш өнімдерін аудан орталығынан жеткізу қиынға соғушы еді. Осы мәселені шешу әрі кәсіппен айналысу үшін мемлекеттік грантқа қатыстым. Бүгінде өз өнімдерімді халыққа ұсынып отырмын. Әсіресе, тұрғындардан нан өнімдеріне, торт, тәтті бәліш, фри картобына тапсырыс көп түседі, — дейді жас кәсіпкер.
Ауылдағы халықты ыстық нанмен қамтып отырған Әсел Нұрланқызының ісіне толағай табыс тілейміз.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.