Ауданның шаруалары төрт түліктің қысқы азығын әзірлеу жұмыстарын түйіндеуге жақын. Қазіргі таңда жоспарлы 115 мың гектар шабындықтың 106 мың гектарынан шөп шабылған.

Соның ішінде 5,3 мың гектар жайылма мен лимандық жерлерден шөп шабылуы тиіс. Мұндай аумақтардың бүгінде 1,9 мың гектарынан мал азығы алынған. Әлі де жалғасады. Демек, железиндік шаруалар бүгінде жоспардың 92 пайызын орындады. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, 106,3 мың тонна шөп дайындалуы қажет. Жоспардың 94 пайызы, нақтысы 100 мың тонна шөп әзірленген. Оның 4,4 мың тоннасы лимандық алқаптардан шабылған екен. Қыстаққа шабылған шөптің 44 мың тоннасы жеткізіліпті. Ауданда шөп шығымдылығының орташа көрсеткіші – гектарынан 9,4 центнер. Далалық алқаптардағы шығымдылық 9,2 центнерді құраса, жайылмада гектарынан 23,2 центнерден айналуда.

Ауа райының қолайсыздығына, нақтысы, күздің жаңбырлы болуынан шөп шабу науқаны сәл баялау өтіп жатқан көрінеді. Десе де, шаруалар әрбір күнді ұтымды пайдаланып, малдың жем-шөбін жылдам әзірлеуге тырысып бағуда. Айта кетейік, жеке аулалардағы төрт түлік үшін тұрғындар шөпті ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінен, сондай-ақ, шөп шабумен айналысатын жеке тұлғалардан сатып алуда. Бөлімнің берген мәліметіне сүйенсек, шөптің бір орамасы 5 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейінгі аралықта сатылуда.

 

Г.МАҒЖАН.