Майқайың кентінде осыдан үш жыл бұрын стадионға күрделі жөндеу жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Елді мекеннің балалары мен жастары доп қуып, дене шынықтыратын нысанның аз уақыт ішінде тоз-тозы шықты. Бұл мәселе Үкіметтің отырысында да сөз болды.
Тұрғындар үш жыл болмай тартанды жабындысы жарылып, балалардың жүгіруіне қолайсыздық тудырып тұрғанына шағымданған. Көрермен отыратын жерлердің де жайсыз екенін алға тартқан. Үкіметтің бұқаралық спорт мәселесі талқыланған отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов құзырлы министрлікке елдегі спорт нысандарын күтіп ұстау жағы ақсап жатқанын сынға алды. Осылайша, тұрғындардың үні Үкімет үйіне дейін жетті. Биліктегілер шұғыл әрекетке көшті. Үш жыл бұрын аталған «Металлург» стадионына 139 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізген мердігер «ҚазЕвроСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кемшіліктерді жойыпты.
— Мердігер компания барлық кемшіліктерді жойып, қалпына келтірді. Стадион ашық аспан астында болғандықтан жауын-шашын, қар өзінің әсерін тигізді. Стадион кенттегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты. Даладағы нысан болғандықтан сыртқы әсерден болатын өзгерістерге жыл сайын ағымдық жөндеу жүргізіліп тұруы тиіс, — дейді аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Руслан Маханбетов. Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда стадионды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Кент әкімі — аталмыш елді мекеннің тумасы. Ол өзі де бала кезінен аталмыш стадионда доп тепкенін айтады. Сол кезде де көктемде стадионның оң жақ бөлігінде сортанды аумақта топырақ төмен түсіп кететіні бар, дейді. Биыл да осындай жағдайдың салдарынан тартанды жабынды жарылып, қар суы кепкенде, жарылған тұстар көтерілген күйі қалып қоятын көрінеді. Сондай-ақ, 20 метрдей қоршауы да қисайып кетеді екен. Міне, осы олқылықтарды мердігер жойған. Яғни, стадиондағы жабындылардың тез тозуына ауа райының әсері бар дегенді алға тартып отыр биліктегілер. Ербатыр Қинаятұлының айтуынша, спортпен айналысуға аса қауіп жоқ. Тұрғындардан жергілікті әкімдікке осы мәселе бойынша ешбір шағым түспегенін айтады. Аудан басшылығы да республикалық сайттардың біріне берген сұхбатында мәселені стадион орналасқан жердің ерекшелігімен байланыстырған. Бір өкініштісі, жөндеу кезінде дәл сол ерекшелік ескерілмеген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Баянауыл ауданы.