Негізгі кезең басталды

Мам 29, 2025

Ақсу қаласында шыбын-шіркей дернәсілдерін өңдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Таяуда Ақсу шағын ауданында негізгі кезең басталды.

Шаһар басшысы Болатбек Кәрімов Ақсу шағын ауданындағы дезинсекция жұмыстарының барысын тексерді. Мердігер ұйым мамандарымен бірге маса мен шыбын-шіркейге қарсы күрес бойынша алдағы іс-шаралар жоспарын да талқылады.

— Жұмысты алдымен арқаға асатын бүріккіштерді пайдалана отырып бастауды ұсындық. Кейін жұмыстар түтін қалқанын қалыптастыратын термогенератор арқылы жалғастырылады. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға — мектептер, балабақшалар, көшелер, саябақтар, көгалдар мен жағалауға, сондай-ақ бөгет аумағына ерекше назар аудару қажет, — деді Б.Кәрімов.

Өңдеу жұмыстарына барлығы 15 арқаға асатын бүріккіш жұмылдырылған. Бұл ретте мердігерге ауа райы жағдайын қатаң сақтау ескертілді. Қала мен ауылдық аймақтарда да жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.