Орман әлеміне саяхат

Шіл 10, 2025

Шарбақтылық орманшылар аудан оқушылары үшін қызықты саяхат ұйымдастырды. Шараға қатысқан балалар туған өлкесінің сұлу табиғатын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Экскурсия барысында балалар орманшылардың жұмысымен және авиациялық орман қорғау шараларымен тереңірек танысты. Сондай-ақ, олар өрт сөндіру бекетіне барып, ондағы тілсіз жауды ауыздықтауға арналған құрал-жабдықтарды өз көздерімен көрді. Тәлімбақтарды аралап, табиғаттың тылсымға толы ғажайыптарының куәсі болды. Орманшылардың жұмысы қаншалықты маңызды екенін түсінді.

— Бұл экскурсияның басты мақсаты – балаларға орманды қорғау және қалпына келтіру жұмыстарының іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көрсету, табиғатты аялай білуге шақыру. Сонымен қатар, табиғатты қорғауға байланысты кәсіптермен таныстыру көзделді, — дейді орманшылар. Олар осындай шаралардың берері мол екенін де атап өтті.

Мамандардың айтуынша, мұндай қызықты саяхаттардан кейін оқушылар табиғатқа үнемі жауапкершілікпен қарап, қолдарынан келгенше қамқорлық көрсетіп жүретін көрінеді.

Н.АҚЫТЕГІ.