Орталық ашылды

Қаз 23, 2025

Железин ауданының тұрғындары, әсіресе аналар қауымы үшін қуанышты жаңалық: аудан орталығында тағы бір емдеу мекемесі өз жұмысын бастады. Бұл орталық баланың денсаулығын дамыту бағытында қызмет көрсетпек.

Бүгінде қоғамда бала денсаулығын ананың құрсағында жатқан кезінен-ақ бақылап, сырқат түрлері байқалса ерте кезден анықтап, емдеуге баса мән берілуде. Бұл ретте ауыл азаматтарына да жайлы жағдай жасау мақсатында Железин аудандық ауруханасы жанынан жаңа орталық қарастырылды. Мұнда жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға патронаж қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ, аудиологиялық және психофизикалық скрининг сынды маңызды тексерістер жасалады. Демек, жүкті келіншектерге облыс орталығына барып, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ.

Жалпы, орталықта бірнеше бөлім — педиатр дәрігер, аудиологиялық скри-нинг, баланы дамыту және ресурстық кабинеттер жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, орталықтың басты міндеті – баланың дамуындағы ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтап, ата-аналарға сенім мен қолдау көрсету арқылы бұл жолды бірге еңсеруге көмектесу. Сол арқылы келер ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған тағы бір қадам жасалды. Себебі, ерте араласу – балалардың денсаулығы мен үйлесімді дамуын қамтамасыз етудің негізгі кепілі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Железин ауданы.