Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында аймақ басшысы аталмыш елді мекендегі әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексеріп, алдағы уақытта ауданда іске асатын инвестициялық жобалардың жоспарымен танысты.

 

Алдымен аймақ басшысы Бірлік ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігерлік ұйым өкілдеріне құрылыстың сапасына баса назар аудару қажет екенін ескертті. Бұл өнер ошағы 1987 жылы салынған. Бүгінгі таңда мұнда ғимараттың қасбетін қалпына келтіру, терезелерін ауыстыру, еденін тегістеу жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аталмыш ауылдың ішіндегі 6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта ауылдың негізгі көшелеріне қиыршық тас төселіп, жолдары тегістеліп жатыр.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында облыс әкіміне ауданның 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалары таныстырылды. Бүгінгі таңда ауданда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 937,7 млн теңгеге 6 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «Асқар» ШҚ-ның 270 млн теңгеге 100 гектар алқапты суармалы жерге айналдыру және «Берекет-1» ЖШС-нің 3,5 млрд теңгеге шұбат өндірісін ұлғайту инвестициялық жобалары бар. Кәсіпорын тәулігіне мың литр шұбат пен 500 литр балқаймақ өндіруді жоспарлауда. Фермерлер өз өнімдерін тек Павлодар облысында ғана емес, Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізуге ниетті. Бұдан басқа, инвестициялық жобалардың қатарында «Үштаған GOLD» ЖШС-нің бірегей жобасы бар. Аталған кәсіпорын жылына 800 мың тоннаға дейін құрамында алтыны бар кен өндіруді жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 11,6 млрд теңгені құрап, 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Онымен қоса облыс әкіміне Баянауылда коворкинг пен конференцияларға арналған арнайы кабинеттер, мультимедиялық мұражай орналасатын визит-орталықтың құрылыс жобасы, Сабындыкөлдің жағажай аймағына кіреберіс жерде бақылау алаңының жобасы таныстырылды. Алдағы уақытта мұнда Павлодар жағажайына ұқсас ағаштан жасалған жолдарды, күннен қорғайтын шатырларды, жатын орындарды, душ пен киім ауыстыратын орындарды орналастыра отырып, жағажайды абаттандыру жоспарланып отыр. Облыс басшысы Баянауыл ауданының туризм саласында мүмкіндігі зор, әсіресе, Жасыбай мен Сабындыкөл жағалауын тиімді пайдаланса аймақтың ұтар тұстары көп екенін атап көрсетті.

— Қазірдің өзінде таулы өлкеде тек облыс халқы емес, республиканың барлық өңірінен және шет елдерден келіп жатқан демалушылар аз емес. Яғни, мұнда отандық туризмнің болашағы бар. Бұл өлкеде туристер ең алдымен тарихи маңызы бар нысандарға барады. Баянауылда біз байқай бермейтін бірегей орындар бар. Бұл — шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндік. Ажарлы аймақтың туристік әлеуетін шағын және орта бизнеспен бірлесіп дамыту қажет. Ол үшін тарихи маңызы бар нысандарды жаңғыртуымыз керек, — деді облыс әкімі.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферттер есебінен ауданда 15 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі — Майқайың кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру. Биыл 7 аулада жұмыстар жүргізілуде, яғни, кенттегі 59 көпқабатты тұрғын үйдің 11-іне қолайлы жағдай жасалатын болады.

— Биыл Жұмат Шанин, Қаражар, Мұса Шорман ауылдарында көшелер жарықтандырылуда, Ұзынбұлақ ауылында үш шақырым ауылішілік жолдар, төрт шақырымға жуық жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаратомар ауылында шағын футбол алаңы салынып жатыр. Сонымен қатар, Майқайыңда көпқабатты 11 үйдің ауласын абаттандырудамыз. Жалпы, Майқайыңда барлығы көпқабатты 59 үй бар. Олардың аулалары ешқашан жөнделмеген. Жұмыс жедел қарқынмен жүріп жатыр және тамыз айында аяқталады. Аулаларда балалар алаңдары, воркаут, спорт алаңдары салынып, асфальт төселеді. Сондай-ақ, Құндыкөл ауылының мәдениет үйіне күрделі жөндеумен қатар, 3,5 шақырым жолдарын жөндеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес орындалуда, — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Сәтбаев ауылдық округіне қарасты Мұса Шорман ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша кешенінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын барысымен танысты. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 388 млн теңге қаражат бөлінген. Мектеп директоры Қайыргелді Дүйсенбектің айтуынша, бұрын-соңды бұл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұдан бөлек, Мұса Шорман ауылында 3,5 шақырымды құрайтын асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

— Білім ордасында 39 педагог еңбек етіп, 104 бала білім алады. Қазіргі уақытта мектеп ғимаратының қасбеті, электр және жылу жүйелері, терезелер, еден, шатырлары  және ішкі жұмыстардың басым бөлігі жөнделіп, ауыстырылды. Мердігер шілде айында барлық жұмыстарды толық тапсыруды жоспарлап отыр, – деді мектеп директоры.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қаражарда ауылішілік жолдардың жөнделіп, көше жарығының қалай орнатылып жатқанын тексерді. Жаңа жол ауылдағы барлық әлеуметтік нысандар – мектеп, мәдениет үйі мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері саябағы арқылы өтетін болады. Білім ошағының алдына арнайы автотұрақ салынады. Айта кетейік, былтыр аталмыш ауылда жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілген болатын.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.