Таяуда Баянауыл ауданында 600 келі қоқыс жинаған үш оқушыға велосипед тарту етілді. Сондай-ақ, киелі Түркістан жеріне саяхат жасаған бір топ баланың жолақысы төленген.

Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллинаның айтуынша, биыл жаз бойы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаған Үмітжан Манапова, Ботакөз Рамазанова және Аружан Серік есімді оқушыларға велосипед сыйға берілген.

— Біздің өңір — туристер көп келетін өлке. Жаз кезінде мұнда қыдырып келетіндердің қарасы қалың. Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі туындайтыны да сөзсіз. «Eco-life» мектебі бұл мәселені шешуге көмектесіп келеді. 2019 жылдан бастап «Ecо life» мектебі пластик пен қағаздарды жинап, мектепте тығыздайды. Әрі қарай Қарағанды қоқыс өңдеу зауытына жеткізуге кәсіпкерлер көмектеседі. Сол ақшаға балаларға сыйлық алынады. Акция басталған бес жылдың ішінде 30 оқушы велосипед мінді, — дейді Гүлден Хабибуллина. Сонымен қатар, биыл көктемде жыл бойы 2000 келі қоқыс жинаған 4-сынып оқушыларына да тарту жасалған екен.

Жалпы, Баянауыл ауылында қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын орындар жоқ. Сондықтан осы бағыттағы экологиялық жұмыстарға аудан орталығындағы Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты ұжымының атсалысып отырғанын атап өткен жөн.

 

Н.АҚЫТЕГІ.