Оқу жылына дайын

Там 28, 2025

Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Білім беру мекемелерін оқушылар қабылдауға дайындаудың соңғы қадамдары жасалуда. Жөндеу жұмыстарынан бөлек, жылу желілерін ретке келтіріп, әзірлік актісін алуға мән берілуде.

Железин аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маршан Алшымбаеваның айтуынша, Железин ауданында 29 мектеп бар. Оның біреуі қосымша білім беру мекемесі болса, екеуі – балабақша. Барлық ауыл мектептерінде бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтар жұмыс істейді. Биыл ауданда барлық мектептерде ағымдық жөндеу жүргізілді. Ал Березовка негізгі мектебі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда 359 млн теңге жұмсалған. Білім ордасының шатыры ауыстырылып, мектеп айналасына қоршау тартылған. Ауласына кеспетас төселіп, электр, су, жылу желілері толық жаңартылыпты. Есік-терезесі де жаңадан салынды. Құзырлы органның ақпаратына сәйкес, мұнда ғимараттың ішін жөндеуден кейін жуып-тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1-қыркүйекте жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға әзір болмақ.

Сонымен қатар, білім беру бөлімі мектептердің жаңа жылу маусымына дайындығын да пысықтауда. Білім беру мекемелерінің 22-сі сенімді басқаруға берілген. Яғни, жауапты серіктестік қазіргі таңда дайындық актісін алу жұмыс-тарын түйіндеуде. Ал электр желісімен жылытылатын үш мектеп пен орталық-тандырылған жылу желісіне қосылған 7 нысан тиісті құжаттарын алыпты. Айта кетейік, ауданда биыл шамамен 2 мыңнан астам оқушы білім алады.

Г.МАҒЖАН.