Қуаңшылықтың зардабын Май ауданының шаруалары да тартуда. Бұл жөнінде бұған дейін газетімізде мәселе көтерілген еді. Алайда аудан әкімі былтырғы жылмен салыстырғанда биыл шабатын шөп бар екенін айтып отыр. Сондай-ақ, мал өсірумен айналысатын қожалықтарға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілмек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

 

— Бұған дейін шаруалар жайылымдық жерлер мен Ертіс өзенінің алқабындағы шөптерді шауып алып, мал азығын дайындап келген. Қырға ешкім шықпайтын. Биыл аудандағы мал өсірген ағайын қыр шөптерін шауып жатыр. Негізі, Ертіс жайылымындағы шөптердің құнары аз, ал қыр шөбі құнарлы болып келеді. Сондықтан «шөп жоқ» деп айтуға болмайды. Барды ұқсатуымыз қажет. Шаруалардың жем-шөп дайындауы үшін субсидия қарастырылған. Арзандатылған жанар-жағармай да үлестіріледі. Бүгінгі күні Май ауданында 53 шаруа қожалығы бар. Олар төмен бағамен 900 тонна жанар-жағармай алуға өтініш берді. Бұл бағыттағы жұмыстардың екінші кезеңі келесі аптада жалғасын табады, — деді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин. Баспасөз мәслихатында ауданның өсіп-өркендеуі үшін атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Қазіргі таңда мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Майтүбек және Малайсары ауылдарындағы әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі елді мекенде 411 млн теңгенің 9 жобасы жоспарланып, оның 8-і аяқталған. Сонымен қатар, «Мектептерді жаңғырту» жобасы аясында Малайсары мектебіне 235 млн теңгеге, ал «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Майтүбек ауылындағы медициналық пунктке 26,3 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақшиман мен Ақжар ауылдарына жаңа медпункт салу жоспарлануда. Айта кетерлігі, өткен қыста Көктөбе орта мектебінің суық екені жайлы ақпарат таратылған болатын. Бұл мәселе де оң шешімін тапқан.

— Қыста ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Көктөбе орта мектебінің температуралық режимімен танысып, ата-аналар қауымымен кездесті. Сонда қамқоршылық кеңесі тарапынан жеке қазандық орнату туралы ұсыныс айтылды. Ол бірауыздан қолдау тапты. Сөйтіп, кейін облыстық бюджеттен 71,6 млн теңге бөлініп, жақында ғана сатып алу рәсімдері аяқталды, мерідгер анықталды, — деді аудан әкімі. Сондай-ақ, ол облыс әкімінің қолдауымен Көктөбе ауылының 9 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл мақсатқа қазынадан 267 млн теңге қаражат бөлінген.

— Ендігі кезекте осы жылдың қазан айына дейін қалған 7 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаражат сұраймыз. Бұған қоса, Көктөбе ауылының көше жарығы мен жазғы су құбырын қалпына келтіруге бағытталған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл Майтүбек ауылына кіреберістегі жолға да орта жөндеу жүргізіліп, Абай, Қызылеңбек және Май ауылдарының кіреберіс жолдарына сметалық құжаттар дайындалуда. Облыс әкімінің қолдауымен 2024 жылы 3 ауылға және Қаратерек ауылының кіреберіс жолдарын жөндеу көзделіп отыр. Бұдан кейін Бозша, Шыған, Ақсарай, Жұмыскер ауылдарындағы жолдарды жөндеуге кірісеміз. Жалпы, аудандағы барлық инфрақұрылымдық нысанға кезең-кезеңмен күрделі немесе орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар, — деді Ағыбай Әмірин. Май ауданы мал шаруа-шылығымен айналасатын өңірлердің бірі екені белгілі. Бүгінде мұнда барлығы 158 мың 546 бас мал бар. Алайда, мал жайылымы мәселесі де қиындық туғызуда.

— Шыны керек, мұндай мәселе барлық өңірде баршылық. Жалпы, аудан аумағы 1,8 млн га болса, оның ішінде 1 миллион 650 мың га ауыл шаруашылығы санатындағы жерлер, 160,6 мың га басқа да санаттағы жерлер болып табылады. Оның ішінде 1,49 миллион га жайылым жер, 4,3 мың га шабындық жер, 86,3 мың га егістік алқап және 22,9 мың га тыңайған жер бар. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға келген сапарында 2030 жылға дейін суармалы жер алқаптарын 300 мың гектарға ұлғайту туарлы тапсырма берген еді. Осыған орай, Май ауданында да суармалы жерге ерекше көңіл бөлінуде, — деді өңір басшысы. Оның сөзіне қарағанда, биыл 1356 га суармалы жерге инфрақұрылым тартылып, қолданысқа берілген. Сондай-ақ, «Май Агро» серіктестігі 1200 га суармалы жерді іске қосты. Қосымша 8 мың 500 тонна көкөніс сақтайтын заманауи қоймалар салуда. Осындай инвестициялық жобалар ауыл-дың одан әрі дамуына серпіліс беретіні сөзсіз. Қуантарлығы, небары 10 мыңдай ғана тұрғыны бар өңірдің өркендеуінде оң өзгеріс байқалады. Соның бір дәлелі — Ақшиман ауылына интренет желісінің қосылуы. Бүгінгі таңда мұнда КарТел байланыс компаниясының 3 G интернет желісі ұстап тұр. Аудан әкімі ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық макро көрсеткіштері ойдағыдай орындалғанын атап өтті.

 

Нұржайна ШОДЫР.