Биыл ауыл шаруашылығын жеңілдікті қаржыландыруға рекордтық 580 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге, форвардтық сатып алуға бағытталды.
Нәтижесінде, республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер болып, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл бастырылды, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғаудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізілді.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Президент тапсырмалары бойынша әзірленген Жол картасы аясында 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті.
Өз тілшіміз.