Спорт алаңы ашылды

Мам 29, 2025

Май ауданы Малайсары ауылында балаларға арналған жаңа көпфункционалды спорт алаңы пайдалануға берілді. Құрылысы бір айдың ішінде жүргізілген әрі заманауи үлгіде жабдықталған бұл алаңда ауыл жастары түрлі спорт түрімен айналыса алады. Ашылу салтанатына Халық әртісі Роза Рымбаева арнайы қатысты.

Малайсары ауылдық округінің әкімі Аспандияр Қайролланың айтуынша, жаңа алаңда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Сонымен қатар, үстел ойындарына арналған аймақ та қарастырылған. Алаңның жан-жағы қоршалып, жарық орнатылған. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары толық сақталған.

— Жарықтандыру мәселелері, қауіпсіздік жағы толықтай ескеріліп, осындай заманауи, қалалық сипаттағы алаң салынды. Осыдан 5 жыл бұрын осы демеушінің көмегімен футбол алаңы да салынған болатын. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Бұл — болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін үлкен алаңның бастамасы деп білеміз, — дейді ол.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін мәдениет үйінде мерекелік концерт жалғасты. Қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаева халық әндерін шырқап, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Малайсары ауылында ашылған жаңа спорт алаңы – елді мекеннің дамуында тағы бір жарқын қадам. Мұндай бастамалар ауыл жастарының белсенді азамат болып қалыптасуына жол ашары анық.

А.БОРАНБАЕВА.