Осы жылы Ақтоғай ауданының Ақжол ауылында спорт саласы бойынша маңызды жоба – спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Аталған жұмыстарға жұмсалатын қаржы көлемі 166 миллион теңге деп жоспарланған.
Өткен жылы Басқамыс ауылында жоспарланған шағын футбол алаңы мердігер ұйымның шарттық міндеттемелерін толық орындамауына байланысты салынбай қалған болатын. Сондықтан биыл бұл жоба қайта жоспарланып, алаң жасанды төсенішпен жабдықталып, спорт сүйер қауымға ұсынылатын болады. Жобаның құны 15 миллион теңгені құрайды. Одан бөлек, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесінің бір бөлігі «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансына берілмек.
Айта кетейік, өткен жылы Басқамыс елді мекеніндегі су құбыры құрылысы мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба құны 838 млн теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыру үшін салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды. Құжаттамаға түзету енгізу мақұлданған жағдайда су құбыры құрылысын 2027 жылы іске асыру үшін жоспарға енгізу көзделген.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
