Суармалы алқапты арттыруға не кедергі?

Мам 22, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды. Өңір басшысы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен, инвестициялық жобалардың жайымен танысты, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл аудандағы егіс алқабы 208,3 мың гектарды құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар — 130,5 мың гектар, майлы дақылдар — 55,4 мың гектар, жемшөп — 20,5 мың гектар. Аудандағы тұқым қоры 23,7 мың тоннаны құрайды, жоспар бойынша — 17,1 мың тонна. 5,2 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Дала жұмыстарын жүргізу үшін 4 045 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.

Ауыл шаруашылығы техникасы 100 пайыз дайын. Ауданда түрлі модификациядағы 500-ден астам трактор бар. Ағымдағы жылы 293 млн теңгеге 19 жаңа техника сатып алынды. Ал 1 маусымға дейін 1 млрд теңгеден астам сомаға тағы 26 техника сатып алынбақ. «Павлодар» ӘКК және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс жұмыстарына 4,6 млрд теңге бөлінді.

«Еңбек Жол» ЖШС-нің егіс алқабында облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Егіс науқанының ерекшеліктері мен аграрлық сектордың өзекті мәселелері талқыланды.

Шаруашылық басшысы Александр Свиридов құны 893,3 млн теңге суармалы егіс алқабын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаның екінші кезеңін таныс-тырды. Шаруашылықта жаңбырлатып суаратын 7 машина жұмыс істейді, екі суару қондырғысы және екі сорғы станциясы сатып алынды. Сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс қоймасы салынды. Кәсіпорында 21 ауыл шаруашылығы техникасы бар, қызметкерлер саны — 35 адам. Жалпы ауданы 6,9 мың гектар алқаптың 930,9 гектары – суармалы егістік. Ауыспалы егіс құрылымында бидай, арпа, күнбағыс, сүрлем жүгері, картоп және қарақұмық бар.

Аграрлар тап болған негізгі мәселелердің бірін атады. Нақтысы, суармалы егіс алқаптарын жаппай іске қосу кезінде электр қуатының жетіспеушілігі байқалуда. Облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдарға «ПРЭК» АҚ-мен бірлесіп, жағдайғды талдап, ауыл шаруашылығы өндірістерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін электр қуатын ұлғайту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Одан кейін өңір басшысы «Алтын Жер» ЖШС-іне барды. Серіктестік басшысы Андрей Коваленко 1,8 мың гектар алқапта жүргізіліп жатқан егіс науқанының барысы туралы және ағымдағы агротехникалық іс-шаралар туралы баяндады. Бұған дейін шаруашылықта көлемі 2,5 мың тонна астық қоймасын салу бойынша инвестициялық жоба сәтті іске асырылған.

Облыс әкімі агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеудің маңыздылығын атап өтті.

— Барлық нормативтерді сақтаған жағдайда сіздің механизаторларыңыз айына 680 мың теңгеге дейін табыс табады. Бұл — басқа шаруашылықтар да ұмтылуы тиіс көрсеткіш, — деді Асайын Байханов.

Железин ауылындағы жұмыс сапары барысындағы негізгі нысандардың бірі — №2 қазандық. Аталмыш қазандықтың өткен күзде істен шығуына байланысты 160-тан астам абонент жылусыз қалған еді. Облыс әкімі алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін барлық ауылдық жерлердегі қазандықтардың техникалық дайындығы мен олардың сәйкестік паспорттарының болуын тексеріп, техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Өңір басшысы сапар соңында «Сәттілік» жеке наубайханасына барды. Мұнда күніне 250 бөлке нан пісіріледі. Асайын Байханов өндірісті дамыту мен тауар түрлерін көбейту жоспарларына оң баға беріп, жергілікті мекенде экономи-каның негізгі драйвері ретінде шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.