Отандық шаруаларды субсидия ережелерінің жиі құбылатыны алаңдатып отыр. Жасыратыны жоқ, демеуқаржының талаптары жиі өзгеріске ұшырап, фермерлер үшін лотереяға айналғанға ұқсайды. Тіпті, субсидияны үлестіруде шенеуніктердің былыққа батқаны жиі әшкереленіп жүр. Бұл ретте, субсидияның мақсаты дұрыс іске асып жүр ме? Ұсақ шаруалар тасада қалып қойған жоқ па? Осы сауалдардың жауабын «Алаң» қатысушыларынан сұрап көрдік.

 

Марат АҚТАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

— Соңғы жылдардағы өзгерістерге сәйкес, субсидия алу үшін «Qoldau.kz» сайтына өтініш қалдыру керек. Яғни, барлық шаруа электронды түрде реттеледі. Алғашқыда жүйе дұрыс жұмыс істемей, жиі істен шығып жүргені жасырын емес. Шалғайдағы шаруалар да компьютердің «тілін» түсінбей, өзіне тиесілі қаражаттан қағылған болатын. Яғни, интернет жылдамдығы аз, тіпті жоқ жерде шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалар демеуқаржы алуға үлгермей қалды. Қазір фермерлер жаңа жүйеге үйренісіп, өтінішін жедел қалдыруға дағдыланған. Десе де, кейбір жағдайда әлі күнге дейін өтінішті толтыру кезінде ақпараттар толық қамтылмайтынын атап өткен жөн. Бұл – өтінішті қанағаттандыру процесін тежеп, сәйкесінше, қаражаттың кешігіп түсуіне алып келмек. Қазір шаруалар субсидия алу үшін ақпараттық-аналитикалық жүйе, төрт түлікті бірдейлендіру жүйесі сияқты
4 бірдей бағдарламадан хабардар болуы талап етіледі. Жаңа жүйенің ашықтығы сол, кім алғашқылардың бірі болып өтініш қалдырады, сәйкесінше қаражат та жедел түседі. Сондықтан да, ұсақ шаруалар тасада қалып қояды деген пікір дұрыс емес. Шаруаларға барынша мұқияттылық танытқан абзал.

 

Зейнолла СӘЛМЕНБАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

— Субсидия десе, шаруалардың елең ете қалатыны рас. Әрине, мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор қолдауды кім жек көрсін. Десе де, демеуқаржы жүйесі қолға алынғаннан бері жыл сайын өзгерістер енгізіліп, фермерлердің діңкесі құрып біткені жасырын емес. Жыл сайын субсидия тәртібінің өзгеруінің себебі бар. Ауыл шаруашылығы минстрлігі әр жылдың қорытындысын саралап, тиімсіз бағыттардың тізімін жаңартып отырады. Айтпағым, бұл бағытта кешенді жоспар қажет. Ұзақ жылға арналған бағдарлама әзірленуі тиіс. Сол кезде субсидия тәртібі тұрақты болып, шаруалардың жұмысы да жүйеленер еді. Елімізде жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген қаражат көлемі артуда. Қаржы көбейген сайын сыбайлас жемқорлықтың да «иісі» сезіле бастайтыны жасырын емес. Сондықтан да қаражаттың әділ бөлінуін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баса назарда ұстауы керек деп есептеймін.

 

Бұқар НҰРЛАН, «Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы (Баянауыл ауданы):

— Ақша артық етпейді ғой. Кейбір әріптестерім субсидия ала алмай әбден қажығанын айтады. Мәселен, бір танысым қой шаруашылығымен айналысып жүргендіктен, сол бағыттағы субсидияларға қол жеткізуге тырысты. Алайда, көптеген талаптар кесе-көлденең шығып, қолын бір-ақ сілтеді. Ережеге сай, қойлардың әрқайсысына электронды сырға тағу керек екен. Өзге де машақаттары аз болған жоқ. Есептеп қараса, талаптарды орындауға кеткен шығын субсидияның қаражатымен бірдей. Уақытын сарп етіп, шығындалып құжат жинап сандалғанша, демеуқаржыдан бас тарту әлдеқайда тиімді емес пе? Бұл – барлық шаруаларға ортақ мәселе. Бұрындары асылдандыру бағдарламасы шеңберінде әр ірі қараға 18 мың теңге субсидия қарастырылып, ол қаражатқа бас ауыртпай қол жеткізетін еді. Жыл сайын ережелер өзгеріп, шаруалардың жүйкесін жұқартқаны рас. Айтпағым, субсидиялардың талаптары жеңілдетілсе екен. Мемлекеттік қолдау ешқандай қиындықсыз діттеген жеріне жету керек.

 

«Алаңды» үйлестірген – Оралхан ҚОЖАНОВ.